АУДАНДА ОБЛЫСТЫҚ ФАРАБИ ГЕОМЕТРИЯЛЫҚ ОЛИМПИАДАСЫ ӨТТІ

АУДАНДА ОБЛЫСТЫҚ ФАРАБИ ГЕОМЕТРИЯЛЫҚ ОЛИМПИАДАСЫ ӨТТІ
Ауданымыздағы алыңғы қатарлы білім ордаларының бірі Ө.Жәнібеков атындағы №4-жалпы орта лицей-интернатында облыстық Фараби геометриялық олимпиадасы күткендегідей өз дәрежесінде жоғары деңгейде өткізілді. Облыстық білім басқармасының білім беруді дамыту орталығы мен Түркістан облысы математика пәні мұғалімдері қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізген пайдасы мол мазмұнды іс-шараның ә дегеннен-ақ ашықтық пен әділдік, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік принципін басты ұстаным екені аңғарылып тұрды.
Облыс көлеміндегі білім ордаларындағы математика пәнінен дәріс беретін мұғалімдер арасынан дарындыларын, олардың кәсіби деңгейін көтеріп, ынталандыру мақсатын көздеген олимпиада қатысушыларына ұлы ойшыл, теңдесі жоқ ғұлама ғалым Әбу Нәсір әл-Фарабидің барлық ғылым атаулының атасы математикаға қатысты озық ой-түйіндеулері арқау болған көрмелік көрнекті құндылықтар таныстырылды. Мектеп бағдарламалары мен математика пәнінің қыр-сырлары хақында оралымды ойлар бір арнаға тоғысып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалған іс-шарадан жиналған қауым мол әсер алды.
Тағылымды шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, ғылым мен білім көкжиегінде еселі еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздар қауымына алғысын жаудырып, олимпиада қатысушыларына сәттілік тіледі.
Төрт кезең бойынша облыстың әр өңірлерінен келген математиктердің сабақ өткізудегі әдіс-тәсілдері, кәсіби тұрғыдағы білім деңгейлері сарапқа салынған олимпиадада үздік деп танылған үлгілі ұстаздар арнайы марапаттарды иеленіп, мерейлері тасып, жүздері бал-бұл жайнап тұрады. Бойларындағы білімге құштар озық ойлы шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие беруде әріптестеріне үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ұлағатты ұстаздар қай кезде болса да шынайы сый-құрметке лайық екендігі атап көрсетіліп, олардың ерен еңбектері көпшілік кәдесіне айнала бермек.