Бокстан жастар арасындағы Азия және ересектер арасында Әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай отырарлық жас спортшылармен кездесті.
Қасиет пен кие қонған Ұлылардың Отаны киелі Отырар ауданына арнайы келген спортшымен кездесуге аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың құттықтауын жеткізді.
"Байрақты бәсекеде ел намысын қорғап жүрген Сізге аудан халқының атынан шынайы алғысымды білдіремін",-дей келе әлемдік додаларда ел намысын қорғап, мемлекетіміздің даңқын асқақтатып жүрген былғары қолғап шеберінің иығына зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті.
Жалпы аудан көлемінде жастардың дене шынықтырумен айналысып, спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалған. Аймақта екі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және бір спорт клубы жұмыс істейді. Аталған спорт мектептерінде спорттың бірнеше түрінен үйірме сабақтары ұйымдастырылған. Аталған үйірме жұмыстарының ішінде бокс спортына қызығатын балалардың саны күн санап артып келеді.
Кездесу барысында Санжар Тәкенұлы бокс үйірмесіне қатысатын жасөспірімдерге шеберлік сағатын өткізіп, жеңіске жетудегі негізгі әдіс-тәсілдер мен шаршы алаңда жүріп-тұрудың қыр-сырын үйретті.
Әлем чемпионымен кездесуден мол ақпарат пен ерекше әсер алған аудан жастары ауданға арнайы келіп шеберлік сағатын өткізген спортшыға шынайы алғысын айтып, естелікке суретке түсті.