Бүгін Отырар ауданында Түркістан облысы дін істері басқармасының «Руханият керуені Түркістан төрінде» жобасы аясында аудан тұрғындарымен рухани кездесу өтті.
Кездесудің мақсаты жастардың тәрбиесіне мән бере отырып отбасылық құндылықтарды сақтау, отбасындағы әкенің рөлі, имандылық, үлкенге құрмет, дәстүрлі емес діни ағымдардан сақтану және дәстүрлі құндылықтарымызды дәріптеу, керағар ағымдар жайында хабардар ету.
Кездесуге республикаға танымал, дінтанушы, теолог Әміре Ерсін Бекайдарұлы, елге танымал айтыскер ақын, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Байтуов Біржан Ғаниұлы арнайы келді. Іс-шараға аудан тұрғындары, жастар, колледж студенттері мен оқытушылар, мектеп оқушылары қатысып, тағылымды ой мен мағыналы әңгімелерді тыңдап, рихани танымын кеңейтті.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов ашып, жүргізіп отырды.
Ауданға келген қонақтар алдымен Д.Құрманбек атындағы №20 колледждің студенттерімен, оқытушыларымен кездесіп, жастар арасында белең алып бара жатқан жат қылықтар жайында айтып, тәрбиесіз берілген білім қоғамға зиян екендігін жеткізді. Мұнан соң аудандық мәдениет сарайында аудан тұрғындары мен жастардың және оқушылардың қатысуымен өткен жиынға қатысып, адамгершілік, әділдік, адалдық турасында айтып өтті.
Кездесу барысында ел бірлігі, ата-баба дәстүрі, қасиетті Ислам дінінің құндылықтары туралы әсерлі әңгіме өрбітіп, өмірінде кездескен әр түрлі жағдайларды мысал ете отырып, жастарымызға ұлағатты насихат жеткізді. Көрермендер өздерінің көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханұлы қорытындылап, ұлттық құндылықтарды насихаттауға, имандылық пен адамгершілік қасиеттерді дәріптеуге арналған рухани жиында тағылымы мол әсерлі әңгімелер айтып, жастарға тағылымы мол кеңестерімен бөліскен қонақтарға аудан тұрғындарының атынан шынайы алғысын жеткізді.