
Апта басы жағымды жаңалықпен басталды. Өзбекстанның Гүлстан қаласында белбеу күресінен әлем чемпионаты өтіп, отырарлық қос балуан Қалмұхан Тұрмағанбет пен Жолдасбек Бектұрсынов күміс жүлдеге ие болды.
Әлемнің 29 елінен 400-ге жуық балуан бақ сынаған додада Жолдасбек Бектұрсынов +96 салмақ дәрежесінде белдесті. Алдымен Грузия, Иран, Тәжікстан балуандарынан айласын асырып, жолдан тайдырды. Ақтық сында өзбек балуаны Камолиддин Эгамбердиевтен жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды.
Қалмұхан Тұрмағанбет +57 салмақта белдесіп, ақтық сынға дейін шашасына шаң жұқтырмады. Бәсекелестері Ресей, Тәжікстан, Молдова, Өзбекстан елінің балуандардан басым түсті.
Қос балуан бұған дейін Казан, Ташкент қалаларындағы әлемдік сында жеңіс тұғырынан көрініп, жеңімпаз атанған болатын. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт комитеті төрағасының бұйрығына сәйкес «ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына қол жеткізген.