АУДАНДА ЗАМАНАУИ МЕШІТ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

АУДАНДА ЗАМАНАУИ МЕШІТ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ
Шәмші Қалдаяқов ауылында 25 қазан - Республика күні қарсаңында заманауи мешіт пайдалануға берілді. Құлшылық ордасының ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, жаңа мешітті тұрғызуға атсалысқан азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.
Бас мүфти өз сөзінде: Аллаға шүкір, елімізде мешіттеріміздің қатары көбейіп келеді. Мешіт – мейірімділік мекені, руханияттың ортасы. Қоғамды ізгілікке шақырып, ибалы болуға үйрететін мектеп. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім жер бетінде мешіт бастаса, Алла Тағала ол пендесіне жәннаттан сарай тұрғызады» - деген. Осы мешіттің бой көтеруіне атсалысқан, ұйытқы болған арда азаматтарға Алла разы болсын! Кәсіптеріне береке, отбасыларына амандық тілеймін» - дей келе мешітке қасиетті Құран кітабын тарту етті.
Қарақоңыр ауыл округінде жалпы 3129 халық тұрады. Аймақтағы діни ахуал тұрақты сипатқа ие. Ауыл округіне қарасты Ш.Қалдаяқов елді мекеніндегі «Қарақоңыр» мешіті ауыл тұрғындарының өтінішіне орай ауылдың тумасы, елімізге белгілі кәсіпкер, меценат Әбдімәжит Сыздықбековтың бастамасымен қайта тұрғызылған болатын.
Жаңа мешіттің ашылуында сөз алған кәсіпкер Әбдімәжит Сыздықбеков көпшіліктің қолдауымен бой көтергенін айта келе, заманауи мешіт жастарды имандылыққа, халықты ауызбіршілікке тәрбиелейтін қасиетті орын болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ ғимаратты тұрғызуға атсалысқан азаматтарға құрмет көрсетіп, иықтарына зерлі шапан жапты.
Жиынға келген ауданның зиялы қауым өкілдері мен ауыл ақсақалдары ізгі тілектерін айтып, ақ баталарын берді. Жиыннан соң ауыл тұрғындары мен қонақтарға арналған ақ дастархан жайылып, өмірден өткендердің рухына арналып Құран оқылды.