АУДАНДА “АҚЫЛМАН ӘЖЕ” БАЙҚАУЫ ӨТТІ

АУДАНДА “АҚЫЛМАН ӘЖЕ” БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Бүгін ауданда 1-қазан халықаралық қарттар күні мерекесіне орай “Ақылман әже” байқауы өтті. Байқаудың мақсаты халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын бойға сіңіру арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу, әже тәрбиесін үлгі ету.
Байқау 4 бөлімнен тұрды. Сайыстың «Сәлем сөздің анасы» атты алғашқы кезеңінде әжелеріміз өздерінің жетістіктерін арнайы дайындалған бейнебаян арқылы баяндаса, «Дәстүрді дәріптейік» атты екінші кезеңде халқымыздың ұлттық дәстүрлерін насихаттады. Ал, үшінші кезеңде ұлттық тағам түрлерін даярлап және оның маңыздылығын түсіндірсе, соңғы кезең өнер сайысы болды.
Әженің әңгімесі мен ертегісін тыңдау, өнегесін үйрену, ақылын жадында сақтау ұрпақ міндеті болса, байқау барысында ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлеріміздің озық тұстары баяндалып, мән-маңызы түсіндірілді.
Шара соңында өнерімен, өнегелі әңгімесімен көптің көңілінен шыққан ардақты жандар арнайы номинациялармен марапатталып, сый-сыйапат жасалды.
Тағылымды шара одан әрі мерекелік ақ дастарханға ұласып, аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов қарт аналар мен баталы ақсақалдарды мерекемен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде: «Жас ұрпақты жастайынан тәрбиелеудің маңыздылығын қазақ халқы ерте түсінген, бала өмір жалғасы, халықтың мұрагері, әже тәрбиесінің отбасында алатын орны ерекше. Әже тәрбиесін көрген бала болашақта ізетті, адам болып өсуіне күмән жоқ. Олай болса бүгінгі шара осындай құндылықтарымызды насихаттап, кейінгі жастарға үлгі болады деген сенімдемін. Байқауға қатысып, халқымыздың салт-дәстүрін дәріптеп жүрген арадақты аналарға шынайы алғысымды білдіремін»-деп ізгі тілегін жеткізді.