ОТЫРАРДЫҢ СУРЕТШІ ӘДІЛХАНЫ

ОТЫРАРДЫҢ СУРЕТШІ ӘДІЛХАНЫ
Өнер мен руханияттың ордасы саналатын киелі Отырар ауданы өзінің әлемді мойындатқан даңқты перзенттерімен мақтана алады. Қасиетті топырақтан шыққан ұлы ғұлама ғалымдар, белгілі композиторлар, ақындар мен жазушылар қаншама.
Міне, биыл осы есімдердің қатарын толықтырған ақын, сазгер әрі суретші Әділхан Мәлік Табылханұлы асқаралы 60 жасқа толып отыр. Бүгін ауданымызда саф өнердің руханият қазынасы саналатын-сурет өнерін, саз және қара өлеңнің көш керуенін қара нардай алға бірге сүйреген жанның «Өнерім-өмірім,поэзия-пірім»» атты әдеби-сазды рухани өнер кеші өтті.
Тағылымды шараға келген өнер сүйер қауым алдымен аудандық мәдениет сарайының кіре беріс фойесіндегі суретшінің шығармашылығындағы туындылардан құралған көрме галерееямен танысты. Автор фойедегі картиналарды және «Отырар эрмитажы» ғимаратының проектісін көрсетіп, шығу тарихын түсіндірді.
Мұнан соң өнерпаздар суретшіні ерекше құрметпен төрге шығарып, әннен шашу шашты. Әділхан Табылханұлының өмірі мен өнері қатар өрілген бейнебаян көпшілік назарына ұсынылды.
Аталған шараға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов қатысып, мерейтой иесін құттықтады.
Аудан әкімі өз сөзінде: «Қазақстан Мәдениет саласының үздігі, қылқалам шебері, ақын Әділхан Табылханұлы Мәлік өз шығармашылығындағы сурет өнерінің тамаша туындыларымен көпшілікті таңдандырып, сурет өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан тұлға. Біз Әділхан ағамыздың туындыларын өскелең ұрпаққа насихаттай отырып, олардың сурет өнеріне деген қызығушылығын оятып, шығармашылыққа жақын өнерлі жастарды ел тарихын, өнерін дәріптеуге тиіспіз. Себебі, суретші ұлттың рухани мұраларын қайта жандандыруда және жаңғыртуда ауқымды жұмыстарды атқарып, оны әлемге танытуда. Осынау ұлы өнер жолын жалғап, өңіріміздің мәдени-рухани дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан Сізді бүгінгі мерейтойыңызбен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, құт-береке, ел игілігі жолындағы шығармашылығыңызға толағай табыс тілеймін!»-деді.
Мұнан соң сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов асыл ой, жауһар сезімге суарылған жырлары, әндері мен кенепке салынған сырлы суреттері Отырардың рухани әлемін байытқан үстіне байыта түскені, өнерлі жанның еңбегі мен сенімінің жемісі екенін айтып, шығармашалық табыстар тіледі.
Кеш барысында Қазақстан суретшілері мен дизайнерлер одақтарының мүшесі, халықаралық «Аманат» сыйлығының иегері Қарабдалов Кендебай Әбжаппарұлы, Шәуілдір ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзахмет Темірбеков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жалғасбай Көлбай, Отырар ауданының бұрынғы әкімі Бейбіт Сыздықовтар он саусағынан өнер тамған азаматтың адамгершілігі мен азаматығы жайында әңгімелерін айтып, ізгі лебіздерін жеткізді.
Одан әрі әдеби-сазды рухани өнер кешінде Әділхан Мәліктің өлеңдері оқылып, жүрек түкпірінен шыққан сырлы әндері шырқалды. Тұла бойы өнерге тұнған, жүрегі өнер деп соғатын жанның рухани кешіне келген көпшілік ерекше көңіл-күйге бөленіп, рухани ләззат алып қайтты.