ЕЛ – ЕРІМЕН МАҚТАНАР

ЕЛ – ЕРІМЕН МАҚТАНАР

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толды. Кешегі Кеңес дәуірінің кереғар саясатының салдарынан жас сарбаздар соғыстың қатеріне бел буып, ел үшін күресіп, жанқиярлық ерліктің ерен үлгісін көрсете білді. 1979 жылы әскер қатарына алынған ел жастары атақ-даңқ үшін емес, тыныштықты қорғаймыз, соғыс өртін өшіреміз деп қанды қырғынның ортасынан бір-ақ шыққан еді. Бұл соғыс біреудің өмірін жалмаса, енді бірінің жалғызын алды. Аузынан ана сүті кетпеген боздақтардың көбі дерлік сол қырғыннан отанымызға мүгедек болып оралды. Әскери борышын өтеуге аттанған жүздеген бозбала туған жеріне оралмады. Осындай орны толмас қасіреттерге толы күндер ел есінен мәңгі ұмытылмайды. Осындай орны толмас қасіреттерге толы күндер бүгінгідей бейбіт күнде ел есінен еш ұмытылған емес.

Бүгін аудандық орталық кітапханада ауған ардагерлерімен «Ел – ерімен мақтанар» атты кездесу өтті. Өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді қалыптастырып, батырлық қасиеттерді сіңіру, сұрапыл жылдарда от кешкен майдангер батырлардың ерлік жолын насихаттау мақсатында өткен іс-шараға ардагерлер, аудан жастары, мәдениет саласының мамандары және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов «Кеңес Одағы тұсында қазақ жігіттері Ауған соғысына қатысып, өздерінің Отан алдындағы азаматтық парызын өтеді. Қиындықтарды бастан өткерді. Майданда шыңдалған бұл азаматтар бүгінде тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосуда. Бүгінде ырысы мен ынтымағы, бірлігі мен берекесі жарасқан еліміз жаңа Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасап келеді. Бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандаған егемендігімізді ұлықтап, бейбіт күннің парқын сезінуіміз керек», – дей келе, аудандағы ауған ардагерлеріне аудан әкімінің алғыс хатын табыстап, құрмет көрсетті. «Қан майданда ауыр сыннан өткен сардарлар мен сарбаздардың ерлігі қашанда ел есінде болады»- деді А.Құлмаханұлы.

Басқосуда «Ауғанстан соғысы ардагерлері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі Отырар аудандық филиалының төрағасы Серік Ақылов пен ардагер Жангелді Махашов сұрапыл кезеңдерден естеліктер айтып, дүниеде елдің тыныштығы мен тәуелсіздігінен асқан бақыт жоқ екендігін сөз етті. Сондай-ақ ардагерлер жастарды Отан алдындағы борышын өтеуде, егемен елдің көк туын биік ұстауға, туған елге адал қызмет етуді үндеп, жастар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Кездесу барысында оқушылар ардагерлерге сауалдарын қойып, тұщымды жауаптарын алса, аудан өнерпаздары патриоттық әндері шырқап, жиынға қатысушыларды бір серпілтіп тастады.

Еске сала кетсек, осыдан 34 жыл бұрын Ауған соғысына КСРО аумағынан мыңдаған сарбаз қатысқан болатын. Деректерге сүйенсек, осы соғыста Кеңес Одағынан 15 мың 51 адам оққа ұшып, 118 ұшақ, 800 танк және 11 мың 369 әртүрлі әскери техникалар жойылып кетті. Ауған соғысына қатысқан қазақстандықтардың саны – 22 мың 269. Соғыс даласында Қазақстан мыңға жуық боздағынан айрылса, 1015 жас елге мүгедек болып оралып, 21 солдат іс-түзсіз кеткен. Сұм соғысқа Түркістан облысынан екі мыңнан аса азамат ілініп, ауған қасіретін көзбен көрсе, Отырар өңірінен 32 сарбаз соғыс майданында қолдарына қару алған. Бүгінде көзі тірі 11 отырарлық ардагер еліміздің өркендеп, тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болуына өз үлестерін қосып келеді.

Тәрбиелік мәні зор кездесуден соң жастар мен ардагерлер естелікке суретке түсіп, алар тағылымы мол келелі әңгілер айтылып, пікір алмасты.