АУДАН ӘКІМІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ ЕСЕП БЕРДІ

АУДАН ӘКІМІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ ЕСЕП БЕРДІ

Бүгін Ө.Жәнібек атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатының мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес жиынында күн тәртібіндегі мәселеге орай аудан әкімі Әбдіғали Жүнісовтің ауданның 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі тыңдалды. Жиында аудан әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстарын баяндай келе алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жалпы ауданымызда ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 
пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру барысында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, 2019 жылы есепті мерзімінде ауданның негізгі капиталына тартылған инвистиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 105,0 %-ға артқан. Сонымен қатар аудан көлемінде егістік жерлерге жүргізілген талдау, каналдар мен арықтарға күрделу жөндеулер мен механикалық тазалау жұмыстарын жүйелі жүргізудің нәтижесінде егістік алқабы 33 106,8 гектарға жетіп, егістік жер көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 454,8 гектарға артығымен орындалған. Әсіресе аудан шаруалары егін егуді ғылыммен ұштастыруы арқасында еңбек өнімділігі артқандығын айта кеткен жөн. Себебі сорланған, тұзды жерлерді игеруде мол өнімге қол жеткізу шаруаларды толғандырған үлкен мәселе болып келген еді. Сондай-ақ 2019 жылы Шәуілдір ауылындағы үшқабатты 24 пәтерлік қызметтік тұрғын үйдің, Мыңшұқыр елдімекеніндегі екі қабатты 12 пәтерлік 2 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдаланылуға берілді. Өткен жылы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында аудан орталығы Шәуілдір ауылындағы бес көшеге республикалық бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп аяқталды.
Жиын барысында кеңес мүшелері аудан әкіміне өзекті мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Кеңес төрағасы Аралбай Асан ауданда жүзеге асатын инвистциялық жобалар бойынша сауалын жолдаса, зейнеткер Жұмагелді Айнабеков жедел жәрдем қызметін жүйелендіру, Оңал Тоқбергенов бос жатқан жайылымдық жерлер мен суармалы жерлерді реттеу, күннен баламалы электр энергиясын өндіретін электр станциясының жұмысын қадағалау, ардагер ұстаз Мәрия Белгібаева Ә.Молдағұлова, Ж.Рүстемов көшелерін жарықтандыру, оқушы санының артуына байланысты Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-лицейіне қосымша ғимарат салу, Қалдан Байжұман жеке тұрғын үйлерді орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу секілді бірқатар мәселелер бойынша сауалдарын жолдап, ұсыныстарын жеткізді.
Аудан әкімі кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдап, әрбір мәселеге жеке-жеке тоқталып, егжей-тегжейлі жауап берді. Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері аудан әкімінің 2019 жылы есепті жыл ішінде атқарған жұмыстарына көңілдері толатынын айтып, оң бағаларын берді.