
Биыл Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, «Түркі тілдес халықтар арасында ең үздік әлем ақыны», Түркістан облысының және Отырар ауданының құрметті азаматы, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері М.Шаханов 80 жасқа толып отыр. Осыған орай ақынның кіндік қаны тамған киелі Отырарда «Ұлт рухының шырақшысы» атты кездесу кеші өтті.
Ақынмен кездесу кешіне келген қонақтар алдымен Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасап, өмірден өткендердің рухына Құран бағыштады.
Мұнан соң Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейіне қарасты Сапар орталығында музей қызметкерлерімен кездескен ақын қойнауы тарихқа толы киелі Отырар топырағында туғанын мақтан ететінін айтып, отырарлық жерлестеріне алғыс сезімін жеткізді.
Кездесуде сатира сардары Көпен Әмірбек, музей директоры Жангелді Махашовтар құттықтау сөз сөйлеп, қазақтың руханияты мен әдебиетін биікке көтеру секілді ұлы арман жолында қалтқысыз қызмет еткен ұлы ақынға деген ыстық ықыласқа толы ізгі тілектерін арнады.
Одан әрі аудандық мәдениет сарайында ақынның мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтіп, аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ақиық ақынға отырарлық жерлестерінің атынан ақ боз ат мінгізді. Осылай халқының құрмет, қошеметіне бөленген жерлесіміз елінің алдында азаматтық ұстанымы мен шындық, әділдік хақындағы өлеңдерін оқып көпшілікті бір серпілтіп алды.
Кеш шымылдығы М.Шахановтың «Отырар қаһармандығы немесе жеңілген жеңімпаз туралы дастан» шығармасы бойынша арнайы қойылған көрініспен түріліп, ақынның сөзіне жазылған әнді қосыла шырқаған әншілер кеш иесін құрметпен сахна төріне шығарды.
Кеш барысында ҚР Мәдениет қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, Отырардың тумасы, айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков құттықтау сөзін арнау өлеңімен жеткізсе, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Түркістан облыстық масихатының хатшысы Қайрат Балабиев, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов, «САУТС-ОЙЛ» ЖШС президенті Серікжан Сейітжанов, сатирик Көпен Әмірбек, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек, ақын Ханбибі Есенқараева, «Аманат» партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтар ақынның өмір жолындағы шынайылықты, парасаттылықты әңгімелеп, жүрекжарды тілектерін арнады.
Сондай-ақ, кездесуде сенатор Әлімжан Құртаев ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан өңір басшысы Ө.Шөкеевтің құттықтау хатын оқып берді.
Одан бөлек, Оңтүстік өңірінен басқа да арнайы құттықтап Қызылорда облысының әкімінің орынбасары Нұрымбет Аманұлы облыс әкімінің құтықтауын жеткізіп, ақынның иығына шапан жапты.
Ұлт мүддесі үшін өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған, Арал деп арпалысып, желтоқсан деп жағаласып, ақыры екеуін де әлем назарына алып шыққан, жүрегін жырмен жарыстырған, ел мен жерді табыстырған Мұхтар Шахановтың мерейтойына арналған кеште «Кім қайратты», «Қалдаяқов өзені», «Бақыт геометриясы», «Төрт ана», «Қазақ дастарханы» атты өлеңдері оқылып, ақынның сөзіне жазылған «Отырар қамалы», «Отырар кітапханасы», «Қазақ тілі», «Рух пен тіл», «Өмір өзен» атты әндері шырқалды. Мәні мен маңызы терең әсерлі кеш мәдениет қайраткері, халықаралық конкурстардың лауреаты, әнші Хадиша Шалабаеваның орындауындағы ақынның «Отырардың кітапханасы» әнімен қорытындыланды.