МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ҰЛТТЫҚ МАҚТАНЫШЫМЫЗ

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ҰЛТТЫҚ МАҚТАНЫШЫМЫЗ

Ел егемендігі қай халықтың болмасын, сан ғасырлық арманы екені белгілі. 1991 жылы өз алдына ел болып, осынау қастерлі тәуелсіздікке қол жеткізген еліміз 1992 жылы 4 маусым күні Рәміздер туралы тарихи заңға қол қойып, жаңа рәміздерін бекітті. Енді міне сол уақыттан бері еліміздің Рәміздер күнін атап өтіп келе жатқанымызға да 30 жыл толып отыр.

Бүгін ауданымызда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мерекесінің 30 жылдығына арналған «Мемлекеттік рәміздер –Ұлттық мақтанышымыз» атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік шара алдымен аудан орталығындағы автошерумен басталды. Айбынымызды асырып, рухымызды асқақтатқан аспан түстес көк Туымызды қолдарына алып, Әнұранымызды әуелете шырқаған аудан жастары орталық көшелермен жүріп өтті.

Одан әрі салтанатты шараның шымылдығы түріліп, аудан әкімінің орынбасары Ержан Оралбай аудан тұрғындарын қастерлі мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Ол өз сөзінде: «Егемендік алғаннан бері Қазақстан өзін бейбітшілікте өмір сүретін мемлекет ретінде әлемге танытты. Мемлекетіміздің рәміздері халымыздың рухын көтеріп, айбынын асқақтатты. Мазмұнына өрнегі жарасқан Тәуелсіздіктің қасиетті туы мәңгі желбіреп, күніміз мәңгі сөнбесін! Жер бетінде әрқашан достық пен келісім орнап, еліміздің болашағы жарқын болсын!»,-дей келе ауданымыздың әлеуметтік және экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан бір топ азаматтарға аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың алғыс хатын табыстады.

Жиын одан әрі аудандық спорт, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі дайындаған концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздары патриоттық әндерді нақышына келтіре орындады.