Ерлік өнегесі, батырлық, елге, жерге сүйіспеншілік, ата-анаға деген қамқорлық, асыл жарға адалдық, осының бәрі Батырлар жырында бар. Батырлар жырын оқыған өскелең ұрпақ ешқашан адаспайды. Ұлтын, Отанын сүйеді.
Осы мақсатта бүгін аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Батырлар жырын оқығанда ...» атты батырлар жырын мәнерлеп, жатқа оқудан оқушылар арасындағы дәстүрлі VI – шы аудандық байқауы өтті.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп атап өткен Мемлекет басшысының бастамасын қолдай отырып, балалар жылы аясында ұйымдастырылған байқауға тоғыз ауыл округінен келген жалынды мектеп оқушылары қатысты.
Ұлттық тәрбиенің қайнар көзі - «Ер Тарғын» жырын жаттап, ұғынып қана қоймай, кеуделерінде батырлық рухты дарытып жүрген оқушыларға патриоттық тәрбие бере отырып, олардың елін, жерін, тарихын тануына ықпал жасау мақсатындағы байқауға аудан әкімінің орынбасары Жансұлтан Сейітжанов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Ол өз сөзінде: «Отан қорғау, ел шетіне жау келсе, шеп құрып шекісу, қайрат көрсетіп, қаһарын таныту - ер жігітке парыз. Бұл парыз кешегі жаугершілік заманда да, бүгінгі бейбіт күнде де ер азаматтардың мойнынан түскен емес. Сондықтан ұл балаға ерте жастан ерлік ұғымын, бұрынғы бабаларының осы ұлы жолда өшпес із қалдырғанын жете түсіндіру керек. Осыған байланысты қайта өшкенімізді жағып, өткен бабалардың осы бір тәрбиелеу тәсілін жаңғыртып, ертеңгіге асыл мұра етіп қалдыру маңызды»- дей келе, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары ауданымыздағы бір топ мәдениет саласының саңлақтарын 21-мамыр ҚР Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтап, аудан әкімінің арнайы алғыс хаттарымен марапаттады.
Айта кету керек байқауға қатысушылар «Тұлпар мініп, ту алған» - «Ер Тарғын батыр» жырын жатқа мәнерлеп айту, «Ескіден жеткен есті сөз» - (үміткер таңдаған жырындағы көнерген сөздердің мағынасын ашып, жырдың сол кездесетін бөлігін жатқа айту) кезеңдері бойынша бақтарын сынады. Тартысты өткен сайысқа аудандық орталық кітапхана директорының орынбасары Базаркүл Жұмаділдә, Ө.Жәнібеков атындағы №4 лицей интернатының ұстазы Рәзия Әбдіразаққызы, Т.Ибрагимов атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Дәурен Полатбаевтар қазылық етіп, әділ бағаларын берді.