Биыл ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл. Қоғамда өзіндік орыны бар іргелі ұйым өңірдің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді атсалысып, елдің бірлігі мен ынтымағын арттыру, жастарды адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеу жолында сүбелі үлестерін қосып келеді. Аудандық ардагерлер ұйымы бүгінде өңірдегі көптеген іс-шараларға бастамашы болып та жүр.
Бүгін осы мерекеге орай аудандағы ардагерлер арасында шахмат, дойбы, бильярд ойындарынан жарыс ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет сарайынан бастау алған шараға аудан әкімінің орынбасары Ержан Оралбай қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Ол өз сөзінде: «Қарты бар елдің қазынасы бар»-деп өсиет қалдырған дана халқымыз қарттарға құрмет көрсетуді басты борыш санаған. Қазақ қоғамында ардагерлер ұйымы өз алдына - бір институт. Бұл институттың негізгі міндеттері: елдің бірлігін, жастарды тәрбиелеуге ат салысу. Ауданда 22 бастауыш ұйым, әжелер алқасы жұмыс жасайды. Олар барлық қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуда. Осынау мерейлі шақта барлықтарыңызды шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!»-деді.
Аудандық ардагерлер ұйымы 1987 жылы 21 наурызда құрылған. Ұйымның алғашқы төрағасы ұлағатты ұстаз Сабыр Дайрабаев болды. Одан кейін Құтым Ордабаев, Өстемір Ескеров, Икрамхан Бәкіровтер ардагерлер ұйымының жұмысын жандандырып, аудан халқының ынтымақта, бірлікте өмір сүруіне, экономиканың артуына, еліміздің нығаюына, жастарды тәрбиелеуде өлшеусіз еңбек етті. 2013 жылдан бастап Мырзабай Өксікбаев төрағалық ететін ұйым бүгінгі таңға дейін көптеген қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Аймақта жалпы 4013 зейнеткер бар. Оның ішінде 210 тыл ардагері, 14 Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жесірлері.
Аудандық ардагерлер кеңесінің хатшысы Жаңабай Сатыбалдының айтуынша спорттық шараға 40-қа жуық ардагер қатысып, шеберліктерін сынауда. Сайыс соңында жеңімпаздар анықталып, жүлдегерлер марапатталатын болады.