ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Ауданымызда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұлттық валюта-теңге күні аталып өтті. Шарада алдымен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының қорында сақталған ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырда айналымда болған валюталардың көшірмесі көпшілік назарына ұсынылып, қонақтар валюта тарихымен танысты.

Мерекелік жиында аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Көлбай Асқар Жалғасбайұлы баяндама жасап, ұлттық валютамыздың өткені мен бүгіні жайында айтып өтті.

«Халықаралық инженерлер академиясының академигі, Қазақстанның белгілі ғалымы Сауық Тәкежанов ұлттық валютаны теңге деп атауды ұсынған болатын. Осыдан кейін 1992 жылдың 27 тамызы күні ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 15-қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді. Сол уақыттан бері елімізде қаржыгерлер және ұлттық валюта күні аталып өтіп келеді»-деді бөлім басшысы.

Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов қаржыгерлерді мерекелерімен құттықтап, сала мамандарының жұмыстарына толағай табыс тіледі.

«Елімізде қай салада болмасын біздің жеткен жетістіктеріміз осы қаржы мамандарының қызметіне тікелей байланысты екені даусыз. Себебі барлық салада да қаржы мамандары қызмет етіп, оның экономикалық өсу барысын реттеп отырады. Сондықтан да бүгінгі мерекенің аталып өтудегі мән-маңызы жоғары деп ойлаймын. Осы сәтті пайдалана отырып экономикамыздың барша қаржы секторы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен, аудан тұрғындарын ұлттық валюта-теңге күнімен шын жүректен құттықтаймын» - деген Пердехан Абайұлы ауданымыздың экономикалық дамуы жолында елеулі еңбек етіп жүрген бір топ қаржыгерлерді аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, сый-сыйапат жасады.

Сондай-ақ салтанатты шарада аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов та қаржы саласының қызметкерлерін мерекелерімен құттықтады. Ол өз сөзінде: «Кез келген саласының қаржылық жағдайының тұрақты болуы қаржыгерлердің біліктілігіне сай болады. Әрине күні бүгінге дейін еліміздің экономикасы тұрақты дамып, өсіп келеді. Бұл осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың жетістігі деп білемін. Сондықтан да баршаңызды қаржыгерлер мен ұлттық валюта күнімен шын жүректермен құттықтаймын» - дей келе, аудандағы қаржы саласының қызметкерлеріне аудандық мәслихат хатшысының Алғыс хаттарын табыстады.

Шара барысында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының директоры Жангелді Махашов та қаржыгерлерді ұлттық теңге күнімен құттықтап, көне тарихымызда сауда-саттық дамыған кезеңдердегі теңгенің маңызы жайында атап өтті.

Жиында аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары әсерлі әндерін тарту етіп, көпшілікті бір серпілтіп тастады. Шараға қатысушылар естелікке суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.