АУДАНДА «EQOLDAU» ҚОҒАМДЫҚ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ПУНКТІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

АУДАНДА «EQOLDAU» ҚОҒАМДЫҚ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ПУНКТІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Қоғам ауыл округі әкімдігінде елді мекендерде талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы жобасы және Smart City жобасы шеңберінде іске асырылып жатқан eqoldau қоғамдық қол жеткізу пунктіннің ашылу салтанаты өтті.

Шараға аудан әкімінің орынбасары П.Жаппарқұлов, «Қазақтелеком» АҚ Корпоративтік сегмент бойынша бас директоры Алмат Қараманов, «Қазақтелеком» АҚ Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл департаментінің директоры Әмірәлі Сейілов, Отырар аудандық желілік техникалық учаскесінің бастығы Нұржан Жұмаділлаев қатысты.

Жиында Әмірәлі Әжібекұлы әкімдікке кеңес алуға келген ауыл тұрғынына АЖҚ көмегімен қызмет алуды және ауылдық елді мекен тұрғындары үшін цифрлық қызметтер әлеміне жол көрсетуші болып табылатын электрондық көмекші – eQoldau сервисінің қызметін пайдалану технологиясын түсіндірді.

Директордың айтуынша ЕQoldau мемлекеттік ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ аудан орталықтарынан ауылдарға цифрландыруды жақындатуға бағытталған. EQoldau құрылғылары USB-қосқыштармен, пайдаланушыны сәйкестендіру үшін биометриялық деректерді оқу жүйесімен және т.б. жабдықталған, Терминал паспортқа тапсырыс беруге, флешкаға кез келген мемлекеттік анықтаманы алуға және жүктеуге, дәрігердің кезегіне жазылуға, кез келген тауарды сатып алуға және оны курьерлік жеткізуге тапсырыс беруге мүмкіндік береді. Жоба аясында әкімдік ғимараты бар еліміздің ауылдық елді мекендерінде eQoldau 553 қоғамдық қол жеткізу пункті орнатылады.

- Талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы негізінен шалғайда жатқан аудан елді мекендерінде жүргізілді. Бұл ауқымды жұмыс Қазақстандағы телекоммуникация саласындағы құрылыс ұйымдары мен барлық жобалық ресурстарды қызықтырды. Себебі, жоба ең маңызды әлеуметтік мәселені шешуге атсалысты. Шалғайдағы ауылдар цифрлық жүйе арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін пайдаланып, білім алу, кәсіп жүргізу жағынан қарым-қатынасқа кіріге бастады. Яғни, бұл қала мен ауыл арасындағы алшақтықты бұзды десе болғандай. Мұнымен қоса, инфрақұрылымның дамуы нарықтағы басқа да қызмет көрсету жұмысын дамытуға, телекоммуникация қызметі мен ұялы байланыс компанияларының жұмысын қамтамасыз етуге септігін тигізеді», – дейді «Қазақтелеком» АҚ Корпоративтік сегмент бойынша бас директор Алмат Қараманов.

Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Пердехан Абайұлы: «Қазақстан әлемдегі өзгерістерден құр алақан емес. Қазақстанда заман талабына сай, адамның өмір сапасын жақсарту, жаңа технологияны, ғылым, білімді игеру, ғылымдағы соңғы өзгерістерден хабардар болу және оны қолданысқа енгізу жылдам жүретін процес. Мысал ретінде қабылданған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын айрықша атауға болады. Елімізде мұндай бағдарламаның қабылдануы бекер емес. Бүгінгі шара да осы бағдарламаның жемісі деп білемін. Мұндай құрылғы ауданымызда алғашқы рет Қоғам ауылында ашылып отыр. Енді ауыл тұрғындары интернетке қол жетімді дербес құрылғы болмаған жағдайда да қызметтерді ауылдан шықпай-ақ ала алады. Мұның өзі аудан халқы үшін үлкен қуаныш» - дей келе, ауыл тұрғындарына осындай мүмкіндікті пайдалануға жағдай жасаған «Қазақтелеком» АҚ мамандарына ризашылығын білдірді.

Айта кету керек, бұған дейін ауданымыздағы 10 елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы жүргізіліп, 140 шақырым оптикалық кабельдер тартылған болатын.