Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы «Парыз алға қойған міндеттен туады, яғни, міндет адамға парызды жүктейді» дегендей әрбір жасаған ісін халық алдындағы парызым деп санап, елдің игілігі үшін қызмет жасап жүрген азаматтарымыз ауданымызда аз емес. Сондай іскер азаматтың бірі, «Жұмайдар» жеке кәсіпкерлігінің директоры Ержан Бозшабаев аудан орталығынан автокөліктерді техникалық байқаудан өткізетін орталық ашып, тұрғындар алғысына бөленді. Осыған дейін ауданымыздағы көлік жүргізушілер Түркістан,Шымкент қалаларына барып техбайқаудан өткізіп келетін. Енді олай қалаға сабылудың қажеті шамалы. Өйткені бағасы қол жетімді, барлығы заңды түрде жұмыс атқаратын орталық ауданымызда бар.
Кәсіпкерлік нышанының ашылу салтанатына аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ержан Оралбаев, медицина саласының ардагері Төрехан Құдайбергенов, Көксарай ауылының тұрғыны, ауыл ақсақалы Оңал Тоқбергеновтер сөз сөйлеп, Ержан Жұмайдарұлының алдағы істеріне сәттіліктер тілеп, ақ баталарын берді. Салтанатты жиында нышанның арнайы лентасы қиылып, аудан өнерпаздары әннен шашу, ал, апаларымыз тәттіден шашу шашты.
Жиылған көпшілікті көлікті диогностикалауға арналған аппараттармен таныстырған Ержан Жұмайдарұлы алдағы уақытта нышанды үлкейтіп, жұмыссыздықтың алдын-алу мақсатында 3 азаматты жұмыспен қамту жоспарда барын жеткізді.
Жалпы, жыл басынан бері кәсіпкерлерді қолдау орталығының көмегімен үш жүзге жуық азаматқа кеңес берілген. Ал, «Бастау бизнес» жобасы бойынша жүз сексен азамат білім алса, кәсіпкерлік бөлімінің қолдауы арқасында қырыққа жуық азамат өз кәсіптерін ашып, жұмыстарын дөңгелетуде.