СЕНАТОРЛАРМЕН ӨТКЕН КЕЗДЕСУ

СЕНАТОРЛАРМЕН ӨТКЕН КЕЗДЕСУ

Бүгін күллі түркі әлемінің рухани астанасы, ордалы облысымыздың орталығы киелі Түркістан қаласына арнайы ат басын бұрған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев елімізде қалыптасып отырған пандемиялық ахуалға байланысты облыс көлеміндегі аудандар мен қалалардың мәслихат депутаттарымен онлайн форматында кездесу жиынын өткізді. Сенаторлар тарапынан жыл басынан бері Парламент қабырғасында қабылданған заңдар жөнінде біршама кеңірек мағлұмат берілген мазмұнды жиынды облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев ашып, жүргізіп отырды.

Кездесу жиынында сенатор Ә.Бектаев жергілікті мәслихаттардың жұмыс істеу тәсілдерін одан әрі жүйелендіре түсу мақсатында тиісті заң тармақтарына енгізілген өзгерістер туралы сөз қозғаса, Ә.Құртаев биылғы жартыжылдықта 63 заңның қабылданғанын тілге тиек етіп, олардың маңызы мен Қазақстан халқының игілігі жолында атқаратын қызметіне кеңірек тоқталып өтті.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен өткен кездесуде Сайрам, Қазығұрт, Арыс, Түлкібас, Сарыағаш, Бәйдібек, Ордабасы, Созақ аудандарының әкімдері, мәслихат хатшылары, депутаттары сөз алып, заң шығарушы биліктің төрінде отырған сенаторлардың назарын өңірлеріндегі кезегін күткен өзекті де маңызды мәселелерге аударып, олардың халық игілігі үшін оңтайлы шешілуіне жәрдемдесу жөніндегі өтініш-тілектерін жеткізді. Біздің ауданымыздың атынан сөз кезегін алған аудандық мәслихаттың депутаты Бауыржан Әлмахан ағын су мәселесінің жылдан-жылға тапшылықтың салдарынан қиындап бара жатқандығын, бұл тығырықтан шығу үшін 10 миллиардтан астам қаржыға құрылыс жұмыстары жүргізіле бастаған «Ақын-Жақып» каналындағы тірліктердің қазіргі кезде тоқтап тұрғанын қынжыла әңгімелеп, осы мәселеге жанашырлық пейілмен қозғау салынса деген ұсыныс-пікірін білдірді.

Жиында қос сенатор өздеріне қойылған орынды сауалдар мен ұсыныс-пікірлерге тұщымды жауаптар қайтарып, олардың мүмкіндігінше оңды шешілуіне бар күш-жігерлерін, қабілеттерін аянбай жұмсай беретіндеріне сендірді.

Онлайн форматында өткізілген кездесу жиынын қорытындылаған облыстық мәслихаттың хатшысы алтын уақыттарын бөліп, жиынға қатысушыларды маңызды ақпараттармен қамтамасыз етіп, мазмұнды әңгіме өрбіткендері үшін Әли Әбдікәрімұлы мен Әлімжан Сейітжанұлына алғыс сезімдерін, ізгі тілектерін жеткізіп, киелі өлкеміздің өмірінен шежірелі сыр шертетін құнды кітаптарды табыстады.