АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

Бүгін аудандық ардагерлер кеңесінің XII конференциясы болып өтті. Әлемді әрі-сәрі күйге түсіріп, әбігерге салып қойған атының өзі үрейлі тәжтажал сырқаттың кесірінен бір жыл кейін өтіп отырған форумды аталмыш кеңестің төрағасы Мырзабай Өксіккбаев ашып, жүргізіп отырды. Мемлекеттік әнұранның асқақ үні сәулетті мәдениет сарайының кіші залын кернеп кеткен кеңестің жүргізу, басқару құрамы сайланған соң кеңес төрағасының ұсынысымен аты жаман аурудың салдарынан жарық дүниемен қоштасқан қимас жандардың әруақтарына құрмет көрсетіліп, бір минөттік үнсіздік жарияланды.

Мандат комиссиясына жетекшілік еткен кеңес хатшысы Сатыбалды Жаңабайдың қысқаша хабарламасынан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Өксікбаев ұйымның есепті мерзім ішінде атқарған көптеген игілікті істері мен алдағы міндеттері туралы жан-жақты тоқталып, баяндама жасады. Тексеру комиссиясының есебін берген Дүйсен Ашықбаевтың сөзі де кіріс-шығыстарды түгел қамтығандығымен мазмұнды шықты.

Ардагерлер конференциясында өмірден көпті көріп, зерделі көкіректеріне түйгендері мол қазыналы жандар ретінде қалың көпшіліктің сый-құрметіне бөленіп жүрген Құлман Нұрбетов, Оңалбек Тоқбергенов, Күлзинат Әлмешова мен Мырзахмет Темірбеков жарыссөзге шығып, ұйымның, оның төрағасы Мырзабай Өксікбаевтың есепті мерзім ішінде атқарған жұмыстарына жоғары бағаларын берді. Аталған жиында сөз алған аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов аудан көлемінде атқарып жатқан істерге біршама тоқталып, олардың ойдағыдай жүзеге асырылуына конференцияға қатысып отырған қадірлі ардагерлердің де ортақ үлестері мол екендігін ризашылықпен әңгімеледі. Ұйымның алдағы жұмыстарына да табыс тілеген аудан басшысы енді 11 күннен кейін өткелі отырған ауыл әкімдерінің сайлауында да ардагерлер елде әдеттегідей үлгі-өнеге көрсетіп, қалың жұртшылықтың арасындағы ынтымақ - бірлікке ұйытқы бола біледі деп сенетіндігін, осылайша үміт күтетіндігін жеткізді.

Конференцияда 31 кісіден кеңестің жаңа құрамы, 7 адамнан төралқасы сайланып, Мырзабай Өксікбаев төрағасы, ал, "Әжелер алқасының" төрайымы Күлзинат Әлмешова төрағаның орынбсасары, Сатыбалды Жаңабай хатшысы болып делегаттардың түгел қолдауларымен қайта сайланды. Ардагерлер форумында сондай-ақ облыстық конференцияға делегаттар, тексеру комиссиясы мен 3 тұрақты комиссияның, "Әжелер алақасының" жаңа құрамы лайықты азаматтардан жасақталды.

Өз жұмысын қорытындылаған конференцияда күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты қаулы қабылданып, оны делегаттарға кеңес хатшысы С.Жаңабай таныстырды.