ОТЫРАРДАҒЫ ЖЫЛЫ КЕЗДЕСУ

ОТЫРАРДАҒЫ ЖЫЛЫ КЕЗДЕСУ

Бүгін ауданымызға «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев арнайы ат басын бұрды. Бүгіндері сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал тарихымызды түгендейтін 5 томдық еңбегін баспадан шығарып, қалың оқырманға ұсынды.

Кездесуді жүргізіп отырған аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов мерейтой иесінің өмірбаянымен толық таныстырған соң, сөз кезегін мәртебелі мейманға ұсынды. Өмекең өз сөзінде Отырардың терең тарихына шолу жасап, былтыр халықаралық деңгейде 1150 жылдық мерейтойы аталып өткен ұлы ғалым, жерлесіміз Әбу Нәсір әл-Фарабидің еңбектеріне тоқталып өтті.

Мерейтой иесіне арнап аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзабай Өксікбаев пен «Отырар әдебиеті мен өнері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, әдебиетші Сағындық Қыдыр жылы лебіздерін білдірсе, жергілікті ақын Гаухар Жүсіпәлиева арнау өлеңін оқыды.