КӨКТЕМ МЕЗГІЛІНІҢ ҰЛЫ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

КӨКТЕМ МЕЗГІЛІНІҢ ҰЛЫ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

Бүгін күн мен айдың теңесіп, табиғат ананың, жер-дүниенің жаңарып, жасаратын көктем мезгілінің ұлы мерекесі Наурыз мейрамы ауданымызда салтанатты жағдайда аталып өтті.

Ұлыстың Ұлы күніне арналған мерекелік шара қыс пен көктем би композициясымен басталып, жер дүниеге жақсылықты сүйіншілеп жар салған жаршылар мен адамзатта ақ батасы мен ақ тілегін ала келген Қыдыр бабаның, сондай-ақ аналық мейірімін аямаған әжелердің шашуымен жалғасты. Одан әрі театрландырылған композициялық қойылымға ұласып, киелі ауданымыздан шыққан әйгілі адамдар өздерінің мерекелік құттықтаулары мен ұлағатты сөздерін жеткізді.

Мұнан соң сахна төріне шыққан аудан әкімі Жүнісов Әбдіғали Айтжанұлы мен аудандық мәслихат хатшысы Манапов Мырзахан Бексұлтанұлы барша отырарлықтарды наурыз мерекесімен құттықтап, «халқымыз ежелден тұрақтылықпен бейбітшілікті, ел арасындағы татулықпен бірлікті ерекше бағалаған. Осындай ұлы қасиеттерімізді паш ететін Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі баршаңызға құтты болсын! Басымыз аман, жұртымыз тыныш болсын»,-дей келе ауданымыздың әлеуметтік, экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан бір топ сала саңлақтарына арнайы алғыс хаттар табыстады.

Мерекелік шара одан әрі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.