Отырар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Еркін Нұрлыханов коронавирусқа қарсы вакцинаны ауданда бірінші болып салдырды. Бас дәрігермен бірге емхана қызметкерлері мен білікті дәрігерлер де егу жұмыстарына өз келісімін берген.
Ауданымызға келген «Гам-КОВИД-вак» вакцинасы алдымен 50 адамға салынады. Екпе ерікті түрде жүргізіледі. Егер азамат келісімін бермесе, оған екпе салынбайды. Вакцинациялау емхананың екпе егу бөлмелерінде жүргізіледі.
Негізінен ауданда орталық аурухананың жұқпалы аурулар, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қарқынды терапия бөлімдері, медициналық-санитарлық алғашқы көмек, аурухананың қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері және санэпидқызмет мамандарын, жалпы 442 медицина қызметкерлерін егу жоспарланған.
Мамандардың айтуынша «Гам-КОВИД-вак» вакцинасы Ресейде өндірілген. Вакцинаның құрамында аденовирус бар. Коронавирус жоқ, тек оның гені қосылған. Бұл адам ағзасына түскеннен кейін жасушалық иммунитетті көтеріп, вирусқа қарсы тұрады. Екпе екі компоненттен тұрады, яғни инъекция алғаш салынғаннан кейін, үш апта өткен соң екіншісі салынады. Зерттеулер нәтижесінде бұл вакцинаның тиімділігі 95 пайыз екені анықталған.
Вакцинаны гиперсезімталдығы және жоғары аллергиясы бар адамдардың алуына болмайды. Сонымен қатар инфекциялық және жедел инфекциялық ауруға шалдыққан науқастарға да екпе салынбайды. Жедел инфекциялық аурумен ауырып, жазылғаннан кейін екі-үш аптадан соң ғана вакцина салдыруға болады. Созылмалы аурудың өршу сатысында да екпе салынбайды. Жүкті және бала емізіп жүрген әйелдерге, 18 жасқа толмаған балаларға вакцина алуға болмайды.