ЖЕТІНШІ САЙЛАНҒАН АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ АЛҒАШҚЫ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

ЖЕТІНШІ САЙЛАНҒАН АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ АЛҒАШҚЫ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Бүгін жетінші сайланған Отырар аудандық мәслихатының алғашқы сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібінде сессия төрағасын, мәслихат хатшысын және тұрақты комиссиялардың төрағаларын сайлау туралы мәселелер қаралды.

Жиында аудандық мәслихат депутаттарын сайлаудың қорытындысы туралы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Елбасы Дархан хабарлама жасап, сайланған мәслихат депутаттарына мандаттық төсбелгісін табыстады. Сайлау нәтижесі бойынша ең көп дауыс жинаған «Nur Otan» партиясына 11 мандат, Қазақстан Халық партиясы мен «Ауыл» халықтық демократиялық партиясына 1 мандаттан, жалпы 13 депутат сайланды.

Одан әрі күн тәнтібіндегі қалған мәселелер бойынша Отырар аудандық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы Фракциясының басшысы, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Абай Құрман сөз алып, аудандық мәслихаттың бірінші сессиясының төрағалығына Сәкен Кішібайдың, мәслихат хатшылығына Мырзахан Манаповтың кандидатураларын ұсынды. Ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тауып, бірауыздан шешім қабылданды.

Мұнан соң күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша жетінші сайланған Отырар аудандық мәслихатының бюджет және эконономикалық даму мәселелері, сондай-ақ әлеуметтік-мәдени даму және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияларының төрағалығына депутат Әділжан Құртаев пен Айнұр Сыздықәлінің кандидатуралары мақұлданды.

Сессия отырысына арнайы қатысқан аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов халық қалаулыларын жаңадан алған мандатымен құттықтай отырып, алда бірқатар жауапты міндеттердің тұрғанын айтты. Аудан басшысы елдімекендерді газдандыру, жылу, ауыз сумен қамтамасыз ету секілді ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы жолындағы мәселелерде депутаттық корпусты бірлесе жұмыс жасауға шақырды.