ЖАҢА ЗАҢ НОРМАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

ЖАҢА ЗАҢ НОРМАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Елімізде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің ақпараттық ағарту штабының төрағасы Е.Тұңғышбаев бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен кездесуде сөз етті. Штаб басшысы кездесуде қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңға енгізілген жаңалықтар туралы айтып берді.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов, бөлім, мекеме басшылары мен орынбасарлары, бақ өкілдері қатысты.

Штаб төрағасы өз сөзінде: «Жаңа енгізілімге сәйкес ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған тұлғаларға қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынды. Бұл – қылмысты әлеуметтік осал азаматтар санатына жататын тұлғалар жасағанда және сотталғандар ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық шарттарын орындаған жағдайда қолданылмайды. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға сыбайлас жемқорлық үшін олардың ерекше өкілеттіктерімен байланысты жаза күшейтіліп, пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдарға да қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеулер енгізілді. Мемлекеттік қызметшілерге, Парламент депутаттары мен судьяларға Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан шетелдік банктерде шоттар ашуға және иеленуге тыйым салынды»-дей келе аталған бағыттарды жік-жігімен талдап, түсіндіріріп берді.

- Жоғарыда баяндалған барлық заңнамалық нормаларды қабылдау – жемқорлықпен күресті күшейтуге зор үлес қосып, оның деңгейін төмендетуге ықпал ететін болады, - деді ол.

Жиын барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған жолдауында сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес мәселелеріне айрықша тоқталып өткенін алға тартқан аудан әкімінің орынбасары қоғамда адалдық идеяологиясын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Пердехан Абайұлы департамент өкіліне сыбайластықтың алдын алуға бағытталған кездесулерде мемлекеттік қызметшілерге ой салып, сабақ боларлық бейнероликтер көрсетілсе деген ұсынысын да жеткізіп, ақпараттық ағарту жұмыстарын жүргізу үшін облыс орталығынан арнайы келген штаб басшысына алғысын жеткізді.

Мұнан соң Ерұлан Тұңғышбаевтың Отырар ауданындағы жұмыс сапары аудандық кірістер басқармасы мен ішкі істер бөлімі және орталық емханада жалғасып, мекеме қызметкерлеріне жоғарыда аталған заңдағы өзгерістерді түсіндіру жұмыстарын жүргізді.