Сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз арман еткен тәуелсіздік біз үшін баға жетпес құндылық. Қаншама боздақтарымыз ел егемендігі мен азаттығы үшін ғасырлар бойы күресіп, бүгінгі бейбіт күнді ұрпаққа аманат етті. Сондықтан халқымыз үшін Тәуелсіздік – киелі де қастерлі ұғым!
Биыл еліміз егенмендігін алып, өз алдына тәуелсіз мемлекет болғанына 30 жыл толады. Осыған байланысты ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын жариялады. Мақалада биылғы жылдың қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес екендігіне баса екпін түсірілген. Тәуелсіз мемлекет ретінде жаһандық көшке ілескен жаңа Қазақстан іргетасының қалануы, азаттығымызды нықтау, керегемізді кеңейту және мерейлі елге айналудың оңай соқпағаны бәрімізге мәлім. Президентіміз аталған мақаласында егемендіктің отыз жылдық ғұмырына талдау жасай келе, оны үш онжылдыққа бөліп, еңсерген белестерімізді, бағындырған биіктерімізді, қол жеткізген табыстарымызды тарқата баяндаған.
Шежірелі тарихымызға ой жүгіртер болсақ халқымыз небір қиын кезеңдер мен зұлмат жылдарды басынан өткерді. Осынау сайын далада көшпелілер өркениетін қалыптастырған, кіндік қаны тамған туған жерін және еркіндігін қасық қандары қалғанша қорғаған ата-бабаларымыз қандай жағдайда да өзінің қайсарлығы мен ержүректігін дәлелдеп, қазақ халқының абыройын асқақтатып келді. Мұнан кейін де кеңестік дәуірдің зұлматтарын да бастан кешіріп, мойымай, табандылық танытқан халықтың өрлігі мен асқақ рухы қазақ халқының ұлт ретінде жойылып кетуінен сақтап қалды. Осыны түйсінген адамға керектінің бәрі аталған Мемлекет басшысының мақаласында айқын айтылған.
Бүгінде біздің көрші елдермен халықаралық заңдарға негізделіп, ресми бекітілген шекарамызға, тұтастығымызға күмәнмен, қызғанышпен қарап, арандатушылыққа бой алдырып жүрген шетел азаматтарының әрекеттеріне де Президентіміз мақаласында ғылыми негіздеп тойтарыс бере білген. Әр қазақтың көкейінде жүрген, еліміздің ішкі, сыртқы саясатына қатысты жаһандық сұрақтарға жауап болатындай мәселелер қамтылған. Келешекте ондай көрші мемлекеттермен арадағы татулыққа сына қағушылыққа жол бермес үшін, атқарылар игі істерге жол сілтеген, яғни «біздің ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін» баса айтқан. Тәуелсіздікті алу бар, бірақ оны қорғап қалу, баянды ету, келешек ұрпақтың қолына аманаттау – мынадай мың құбылған, алмағайып заманда оңай емес. Қазақ халқының сан ғасырлық арманы болған Тәуелсіздіктің маңыздылығы мен тарихы жайында айта берсек әңгіменің шегіне жетпеспіз, әрине! Дегенмен Тәуелсіздік экономика мен саясатта ғана емес жеке адамдардың да өміріне өзгеріс, жақсылық, табыс, жетістік әкелді. Болашаққа деген сенім мен үміттің нәтижесінде, бүгінде еліміздің керегесі кең, терезесі тең. Біз үшін ана тіліміз, санамыз, мәдениетіміз бодандық құрсауынан босап, тәуелсіз дамуы өте маңызды, әрі құнды. Сондықтан бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай Президентіміз айтқан «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген сөзді санада сақтауымыз керек.
Әселхан Қалыбекова, ҚР-ның халық ақыны.