ТӘУЕЛСІЗДІКТІ АЛУ БАР, БІРАҚ ОНЫ ҚОРҒАП ҚАЛУ, БАЯНДЫ ЕТУ...

ТӘУЕЛСІЗДІКТІ АЛУ БАР, БІРАҚ ОНЫ ҚОРҒАП ҚАЛУ, БАЯНДЫ ЕТУ...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы қазіргі ел аузына айтылып жүрген әңгімелердің түйінді сөзіндей болды десек те болады. Себебі Президент осы мақаласы арқылы ел тыныштығы мен тұрақтылықтылығын сақтауға байланысты нақты, орамды ойларын айтып, оның ең негізгісі қазыналы байлығымыз Тәуелсіздікті бағалай білудің маңыздылығын көрсете білді. Тіпті Мемлекет басшысы Қазақстан жеріне қатысты "қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар" екенін айтты. "Қазақстан - біртұтас мемлекет. Еліміз оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлінбейді. Бұл – тек бағытты білдіретін шартты атаулар. 2018 жылы Елбасының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы берілді. Тарихи әділдікті қалпына келтірген орынды шешімді халық бірауыздан қолдап, өте жылы қабылдады. Өйткені, мұндағы шежірелі шаһар ғана емес, тұтас өңір көне замандардан бері Түркістан деп аталған. Осы игі үрдісті еліміз бойынша жалғастыруға болады. Біз мұндай қадамдарды байыппен жасаймыз", - деді Президент.

Мемлекет басшысы жерді шетелдіктерге сату мәселесіне де ерекше тоқталып өтті. Бұл турасында "Бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат - қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет", - деп бұл мәселенің нүктесін қойғандай болды.

Еліміздің сан ғасырлық тарихында мақтаныш тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар, кеудемізге қиналғанда үміт отын жағар оқиғалар мен Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. Олардың қатарына: қазақтың ұлт болып ұйысуы мен оның ұлан ғайыр ата-қонысының қалыптасуын; ұлттық мемлекттігіміздің бастауы – Қазақ хандығының құрылуы мен дамуын; өзі отырған тағы емес, билеп отырған халқының бағын ойлап, жау қолына тойтарыс берген хандар мен оларға ел мен мемлекет тұрғысынан ақыл-кеңес берген,кемшілікті айта білген ұлы билер дәстүрлерін; ата-бабаларымыздың елімзге,халқымызға тән өзіндік шаруашылық жүргізу жүйесін қалыптастыруын, таңғажайып этномәдени үлгілерін жасау арқылы әлемдік өркениетке қосқан алып үлесін, батырларымыздың жер мен ел тәуелсіздігі мен ата-қоныс тұтастығын сыртқы,тіпті қала берді ішкі жаулардан қорғаған үлгісін жатқызуға болады. Осы ретте тарихымызға қатысты Президентіміздің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтылған қоғам мен құндылық жөніндегі ойлары мемлекеттің тұтастығы мен ұлт ретіндегі қалыптасу кезеңдерін келер ұрпаққа дәріптеп, тіліміз бен ұлттық құндылықтарымызды танытуға бағыттағандай.

Шындығында тәуелсіздікті алу бар, бірақ оны қорғап қалу, баянды ету, келешек ұрпақтың қолына аманаттау – мынадай мың құбылған, алмағайып заманда оңай емес. Сондықтан да Президентіміз айтқандай «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген сөзі мәңгілік ұранымызға айналуы керек деп ойлаймын.

Мырзахмет Темірбеков, Отырар ауданының құрметті азаматы