Қазақ тілі қазақтың жаны деуге де болады. Себебі тілі жоқ елді келешегі жоқ екені айтпаса да түсінікті болар. Қазақстанда жүзден аса ұлт өкілдері тұрады. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында қазақ тілінің қазақстандық қоғамдағы рөлі туралы айта келе, қазақша білмейтін қазақстандықтарға үндеу жасады. Президент: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда "Ештен кеш жақсы" деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек. Ана тілімізді кеңінен қолдану – басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес. Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді», - деп атап өтті.
Мұнан бөлек төртінші онжылдықтың мақсаттары туралы айта отырып, Президент басты міндет – қуатты елдің иесі және кемел халық болу екенін баса айтты. «Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру қажет. Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез-келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз», - деді Қ.Тоқаев.
Президент өз мақаласында ұлт тарихын таныту мен ел тәуелсіздігін сақтау мәселесіне де тоқталды. Бұл ретте тұтастығымызға күмәнмен, қызғанышпен қарап, арандатушылыққа бой алдырып жүрген шетел азаматтарының әрекеттеріне халықаралық заңдар мен талаптарға сай бекітіліп, шекарасы айқындалған мемлекетімізге еш алаңдаушылық жоқ екенін тілге тиек етті. Рас, қазіргі тәуелсіз Қазақстан – ата – бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Тәуелсіздік таңын аңсаған ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды десек қателеспейміз. Сондықтан да тәуелсіздік тарихы арнайы әңгімеге үздіксіз тиек боларлықтай ұлы тақырып екендігін қазіргі ұрпақ ешқашан естен шығармауы керек. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауыз бірлігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді. Сондықтан о бастан-ақ рулар тайпаларға, тайпалар одақтарға, ал тайпалық одақтар елге, халыққа айналу үшін үздіксіз күресті, жан алысып, жан берісті. Өйткені халық болып қалыптаспай, тәуелсіздікті баянды түрде қолда ұстап тұру да мүмкін емес еді. Қазір елімізге тыныштық заман орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп мақтанышпен айта аламыз. Артқа тастаған отыз жылдың ішінде не атқардық деген сауал туса, тізбектеп сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды және жүзеге асырылды. Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз артты. Қазақ мектептері мен балабақшалар саны артты. Білім мен денсаулық жағдайына аса мән берілді. өзге елдермен қарым-қатынасымыз жақсарып, саяси және мәдени қатынастар да үдей түсті. Елімізідің барлық саласындағы қызметкерлерге, шет елдің түрлі саладағы мамандарымен тәжірибе алмасуға жағдай жасалды. Осының бәрі тәуелсіз елдің мақтанышы деуге болады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтқандай ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі Тәуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай берсін!
Мырзабай Өксікбаев, Ардагерлер кеңесінің төрағасы