БАСТЫ МАҚСАТ - ҚАУІПТІҢ АЛДЫН АЛУ

БАСТЫ МАҚСАТ - ҚАУІПТІҢ АЛДЫН АЛУ

Табиғи апатты болдырмаудың амалы - оған ертерек қамдану. Адамзат баласына қауіп төндіретін табиғи апаттардың бірі су тасқыны десек осы қауіптің алдын-алу оны болдырмаудың басты шарты екені айқын.

Қыс айларындағы ауа температурасының төмендеуі мен Сырдария өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі өзенге жақын орналасқан елді мекендерге қауіп төндіретіні белгілі. Осыған орай алдын ала қажетті әрекеттерге көшуді басты мұрат еткен аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов бүгін Көксарай және Балтакөл ауыл округтеріндегі Сырдария өзенінің бойындағы су тасу қаупі бар аймақтарды аралап көрді. «Есіркеп», «Көларық», «Маяқұм» және «Сумағар» каналдарының сағасы мен тоған - дамбалардың жай-күйімен жете танысқан аудан басшысы иіндерді мұз байлап тұрғанымен мұздың қалыңдығы жұқа екенін айтып, ауыл округі әкімдеріне сақтық шараларын ұйымдастыруды тапсырды.

Аудан әкімі өз сөзінде: «Сырдария өзеніне «Шардара» су қоймасынан 400 куб су келеді деп күтілуде. Бұл өз кезегінде өзенге жақын орналасқан Аққұм, Көксарай, Маяқұм, Балтакөл, Талапты, Қарғалы, Қоғам ауыл округтерінің тұрғындарына сақтық шараларын қалыптастыруды талап етеді. Бұл қауіпті деген сөз емес, қауіптің алдын алу. Сондықтан барлық ауыл округтерінің әкімдерін өз аумағындағы тұрғындарға өзен бойында орналасқан қора – жайлары және өзен жағалауында тоғайда жүрген өз меншіктеріндегі ауыл шаруашылығы жануарларын қауіпсіз аймақтарға шығарулары керектігін ескертіп, барлық сақтық шараларын ұйымдастыруы қажет»,-деп нақты тапсырмалар жүктеді.

Айтып келмейтін табиғи апаттардың кез келген түрі адамзат баласынан әрдайым аса сақ, әрбір іске мұқият қарап, ұқыпты болуды талап етеді. Сол себепті де аудан әкімі Әбдіғали Айтжанұлы ауыл әкімдеріне су деңгейін үнемі бақылауға алып, кезекшілік ұйымдастыру керектігін де баса ескертті.