ТҰҒЫРЫ БИІК ТӘУЕЛСІЗДІК

ТҰҒЫРЫ БИІК ТӘУЕЛСІЗДІК

Тәуелсіз Қазақстан ата – бабаларымыздың орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. ​ Мыңдаған жылдық тарихы бар бұл күн қазақ тарихында алтын әріппен жазылды. Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті- қазақтың басына қонған бағы деуге болады. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартты. Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты.

Ия, бүгін ауданымызда осы айтулы мерекеге орай «Елімнің бақытын тербеткен - Тәуелсіздік!» атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиында аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов көпшілікті елдігімізді айқындайтын айтулы мерекемен құттықтап, ыстық ықыласқа толы жүрекжарды лебізін жеткізді.

Салтанатты шараға келген қонақтар алдымен аудандық мәдениет сарайының кіре беріс фойесіндегі аудандық орталық кітапхананың тәуелсіздік тақырыбына арналған кітап көрмесі мен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің тарихи жәдігерлерін тамашалады.

Мұнан соң сахна шымылдығы театрландырылған композициялық көрініспен ашылып, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби мен қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың және композитор Шәмші Қалдаяқовтың обаздары сомдалды.

Одан әрі сахна төріне шыққан аудан басшысы: - Тәуелсіздік мерекесі ата-бабаларымыздың жүздеген жылдар бойғы арман-тілегі ақиқатқа айналған, ғасырлар тоғысында бой көтерген мемлекетіміздің ең басты мерекесі. Баршаңызды еліміздің осынау ең ұлық мейрамы - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 29 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік жылдарында егемен елімізде ғасырға татитын ауқымды жұмыстар атқарылды. Егемен елдің жемісті жылдарын біздің киелі ауданымыздан да көруге болады. Аудан тұрғындары көптен бері қол жеткізе алмай келе жатқан көгілдір отын жақында елдімекендерге беріле бастайды. Мұның өзі тәуелсіздіктің бізге тарту еткен ең үлкен сыйы деуге болады. Сіздерді тағы да мерекемен құттықтай отырып, тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз баянды, еліміз еңселі болсын дегім келеді,- деді өзінің құттықтау сөзінде.

Шара барысында ауданымыздың экономикалық және әлеуметтік дамуы жолында еселі еңбек еткен бір топ азаматтарға «ҚР Конститутциясының – 25 жылдығы» мерекелік медалі мен «Халық алғысы» медалі және Тәуелсіздік мерекесі аясында аудан әкімінің алғыс хаттары табысталды.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, көпшілік аудан өнерпаздарының өнерлеріне тәнті болды.