Отырар ауданы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өткізілді Жиынға комиссия мүшелері, тиісті бөлім басшылары, білім және денсаулық сақтау саласының, құқық қорғау органдарының, Отбасын қолдау орталығы мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Отырыста әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қиын жағдайға тап болған отбасылармен профилактикалық жұмыстар жүргізу, әлеуметтік осал отбасыларды қолдау және оларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мәселелері қаралды.
Сонымен қатар әйелдерді кәсіпкерлікке тарту, жаңа бизнес-бастамаларды қолдау және мемлекеттік гранттарға қатысу мүмкіндіктері, әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау, ана мен бала денсаулығын қорғау, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау және инклюзивті білім беру ортасын жетілдіру бағыттары талқыланды.
Отырар аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, отбасылық қылмыстардың алдын алу мақсатында профилактикалық есепте тұрған азаматтармен жүйелі бақылау және алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері ресми алдын ала ескерту бойынша – 15 тұлға, қорғау нұсқамасы бойынша – 34 тұлға, ерекше талап белгіленген – 17 тұлға профилактикалық есепке алынған.
Аудан көлемінде отбасылық-тұрмыстық салаға қатысты 2 қылмыстық іс тіркелсе, аса ауыр санаттағы 1 отбасылық қылмыс орын алған. Алдын алу мақсатында жыл басынан бері білім беру, мемлекеттік мекемелер мен Отбасын қолдау орталығында 104 профилактикалық іс-шара өткізілді.
Сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен отбасыларды сүйемелдеу мақсатында 100-ден астам отбасына психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету жөнінде FSM Social ақпараттық жүйесі арқылы ұсыныстар жолданған.
Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Биыл аудан бойынша 39 азаматқа мемлекеттік грант беру жоспарланып, алғашқы лек нәтижесінде 20 азамат грант иегері атанды. Оның ішінде 13 әйел өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алды.
Жиын соңында көтерілген мәселелер бойынша тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, отбасыларды қолдау, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.