ОТЫРАР АУДАНЫНДА 6 МЫҢ ГЕКТАРҒА ЖУЫҚ АУМАҚҚА ҚАУЫН-ҚАРБЫЗ ЕГІЛГЕН

ОТЫРАР АУДАНЫНДА 6 МЫҢ ГЕКТАРҒА ЖУЫҚ АУМАҚҚА ҚАУЫН-ҚАРБЫЗ ЕГІЛГЕН
Отырар ауданында биыл бақша дақылдарын өсіру көлемі артып, жалпы 5 680 гектар алқапқа қауын-қарбыз егілген. Оның 3 544 гектары - қауын, ал 2 136 гектары - қарбыз. Ауданның климаттық ерекшелігі мен жер жағдайы бақша дақылдарын өсіруге қолайлы. Сондықтан жергілікті шаруалар маусым сайын егіс алқаптарын ұлғайтып, өнім көлемін арттыруға басымдық беріп келеді. Биыл да диқандар көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізіп, егістікті күтіп-баптау, суару және агротехникалық шараларды жүйелі ұйымдастырды.
Еңбектің нәтижесінде Отырардың құнарлы жерінде піскен тәтті қауын-қарбыздар еліміздің ішкі нарығына жөнелтіліп қана қоймай, сыртқы нарыққа да экспортталуда. Бұл өз кезегінде аудан шаруаларының өнім өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, жергілікті ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазір ауданда күзгі жиын-терім науқанына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Өнімді ысырапсыз жинап, уақытылы тасымалдау мақсатында қажетті ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылған. Атап айтқанда, науқанға жалпы 512 дана ауыл шаруашылығы техникасы мен трактор тартылған. Жалпы, бақша шаруашылығы Отырар ауданындағы ауыл шаруашылығының маңызды бағыттарының бірі саналады. Диқандардың тынымсыз еңбегі мен заманауи агротехнологияларды тиімді пайдалану алдағы уақытта өнім көлемін арттырып, өңірдің ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамытуға серпін бермек.