ЯСАУИ МҰРАСЫ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ: «ЯСАУИ КЕРУЕНІ» ОТЫРАР АУДАНЫНДА

ЯСАУИ МҰРАСЫ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ: «ЯСАУИ КЕРУЕНІ» ОТЫРАР АУДАНЫНДА
Отырар ауданында Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын зерделеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпаққа кеңінен насихаттау бағытында тағылымды семинар өтті.
Түркістаннан бастау алған «Ясауи керуені» аймақтық ғылыми-танымдық басқосудың негізгі мақсаты – ұлы ойшыл, сопылық ілімнің көрнекті өкілі Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармашылығын терең зерделеу, оның хикметтеріндегі рухани-адамгершілік құндылықтарды қазіргі қоғаммен сабақтастыра отырып насихаттау.
Семинар жұмысын «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Ерғазұлы Дәкенов жүргізіп отырды.
Жиын барысында Түркістан облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Медет Мұзапбарұлы Халықов сөз сөйлеп, Ясауи мұрасының рухани және қоғамдық маңызына тоқталды.
Сондай-ақ Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Кенжетай Досай Тұрсынбайұлы Ясауи ілімінің ғылыми тұрғыдан зерттелуі жөнінде ой бөлісті.
Теология ғылымдарының докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, «Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Насырдинұлы Сайфунов «Қожа Ахмет Ясауидің тарихи тұлғасы және ұлттық идентификация» тақырыбында баяндама жасады.
Ал Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ доценті, дінтанушы Сержан Қарсыбайұлы Оразбай «Ясауи хикметтеріндегі рухани құндылықтар» тақырыбын қозғап, хикметтердің адам тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.
Сонымен қатар университеттің «Теология» факультетінің доценті, PhD докторы Мұхит Жылқайдарұлы Төлеген «Қожа Ахмет Ясауи ілімі және қазақ салт-дәстүрлері» тақырыбында баяндама жасап, Ясауи дүниетанымының қазақ халқының дәстүрлі мәдениетімен сабақтастығын атап өтті.
Семинар аясында Ясауи мұрасының қазіргі қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтудағы маңызы талқыланып, ғылыми-танымдық бағыттағы пікір алмасу жүргізілді. Семинар соңында Отырар ауданы әкімінің орынбасары Құлмаханов Айдос Құлмаханұлы қорытынды сөз сөйлеп, қатысушыларға алғысын білдірді.
Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – халқымыздың рухани болмысы мен тарихи жадын қалыптастырған аса құнды мұра. Оны ғылыми тұрғыдан зерттеу және кеңінен насихаттау ұлттық бірегейлікті нығайтып, өскелең ұрпақтың бойына ізгілік, имандылық, адамгершілік секілді құндылықтарды сіңіруге ықпал етеді.
Ясауи мұрасын зерттеу мен дәріптеу жұмыстары 2026–2028 жылдарға арналған мемлекеттік іс-қимыл жоспарында да қамтылған