ЖАСТАР АДАЛДЫҚТЫ ЖЫРҒА ҚОСТЫ

ЖАСТАР АДАЛДЫҚТЫ ЖЫРҒА ҚОСТЫ

Ұлтымыздың ескірмес рәмізіне айналған айтыс өнері қазақ халқымен бірге жасайды. Ақындардың шымырлатып шындықты айтқан шумақтары қашанда халықтың рухын асқақтатып, жігерлендіреді. Бүгінде бұл төл өнеріміз жас ұрпаққа берер тәрбиелік мәні зор шаралардың біріне айналып, төрімізден орын алып келеді.

Бүгін осы айтқан сөзіміздің айғағындай ауданда «Адалдық-асыл қасиет» атты аудандық жас ақындар айтысы өтті. Айтысты Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары, айтыскер ақын Дәурен Ақсақалов жүргізіп отырды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің қолдауымен, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен аламанға ауданымыздың жалынды жас ақындарымен бірге көршілес Бәйдібек ауданынан келген айтыскерлер қатысып, бақтарын сынады.

Айтыс додасына ұлағатты ұстаз, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Жұмагүл Нәлібаева, департамент жанынан құрылған оқу-ағарту штабының Отырар ауданы бойынша өкілі Сандуғаш Әділбекова, айтыскер ақын Дәурен Полатбаевтар қазылық етіп, әділ бағаларын берді.

Қазақ айтыс өнерінің тарихында Сара, Ырысты, Ұлбикелер салған сара жолды жалғаған отырарлық айтыскер ақындар Тәушен апамыз бен Әселхан Қалыбекова қазақ елінің мақтанышына айналды. Бекарыс Шойбек, Маржан Есжанова, Анар Жаппарқұлова сынды аға-әпкелеріміз де осы айтыс өнерінің қайраткерлері атанды десек артық болмас. Бүгінде ауданымыздағы Отырар өнер және саз мектебінде Халық ақыны Әселхан Қалыбекова апамыздың жетекшілік етуімен ақындар сыныбы жұмыс істейді. Мінекей бар жоғы екі жыл ішінде сол мектепте білім алған жас дарындар қолдарына домбыра ұстап, ел алдында сөз сөйлеуге жарап, айтыс аламанында топ жаруға ниетті.

Шара барысында тақырыпқа сай жан-жақты ойларын ортаға салып, аламанның көркін қыздырған Бәйдібек ауданынан келген Рахат Аман мен отырарлық Сұлтан Сәуірханның өнері қазылар алқасын тәнті етсе, бәйдібектік Нұртілеу Төленбек пен отырарлық Даниял Болысбектер де олардан қалыспайтын жүйріктер екенін көрсетті. Ал, жоғарыда айтқан Отырар өнер және саз мектебінің түлектері Нұрым Салман мен Нұрай Амангелді айтыс сахнасына енді қадам басса да өздерінің бұл өнерден құр алақан емес екендіктерін дәлелдеуге тырысты.

Сөз өнерін ұлықтап, жастарды адалдық, әділдік секілді қасиеттерге тәрбиелеу мақсатында өткен айтыстың қорытынды сөзін сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов қазақ халқының бойына дарыған айтыс өнерін жанына серік етіп, сөз маржанын терген жас ақындардың өнердегі қадамдарына сәттілік тілеп, өнер иелеріне арнайы алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтарды табыстады.