«АЛТЫН КҮЗ – 2020»

«АЛТЫН КҮЗ – 2020»

Мәдениет сарайында аудан шаруалары мен диқандарына арналған «Алтын күз-2020» атты салтанатты жиын болып өтті. Бұл шара ерте көктемнен қара күзге дейін талмай еңбек еткен шаруалардың жыл қорытындысы десек те болады.

Жиынды Мәдениет сарайының өнерпаздары мың бұралған бишілердің өнерімен ашты. Жүргізуші аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеевті сахнаға шақырып, сөз берді. Тоқсейіт Артықбайұлы ауданымыздың жетістіктеріне тоқтала келіп, облыс бойынша ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде аудан шаруалары жоғары жетістікке жетіп, жүлделі екінші орыннан көрінгенін ерекше атап өтіп, еңбек адамдарына деген ыстық ықыласын білдірді.

Аудан әкімінің орынбасары жүгері, жоңышқа, бақша өнімдері, бал өнімдері мен жеміс-жидек өсіруде биіктен көрінген жекелеген диқандар мен омарташыларды Алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпаттар тапсырды. Сондай-ақ, мал басын көбейту, асылдандыру бағытында жұмыс істеген шаруалар да марапаттан тыс қалған жоқ. Әр ауыл округ әкімдері де еңбектеріне лайық марапатқа ие болды.

Салтанатты жиынды аудан өнерпаздары әсем әнмен қорытындылап, жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.