«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының Сапар орталығында «Музейлік керамикалық бұйымдарды консервациялау және реставрациялау: заманауи тәсілдер, әдістер және озық тәжірибелер» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
Семинардың мақсаты – музей қорларындағы керамикалық бұйымдарды ғылыми негізде консервациялау мен реставрациялаудың өзекті мәселелерін талқылау, заманауи әдістер мен технологияларды таныстыру, сала мамандары арасында тәжірибе алмасуды дамыту және мәдени мұраны сақтау ісіндегі кәсіби ынтымақтастықты нығайту.
Іс-шара басталар алдында қатысушылар музей-қорық қорындағы қайта қалпына келтірілген археологиялық саз бұйымдардан жасақталған «Өткеннің жаңғырған мұрасы» атты көрмені тамашалады. Көрмеде реставрациядан өткен бірегей керамикалық жәдігерлер қойылып, оларды ғылыми тұрғыда қалпына келтіру жұмыстарының нәтижелері таныстырылды.
Семинарға 50-ден астам археолог, реставратор, музей мамандары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Ашылу рәсімінде Отырар ауданы әкімінің орынбасары Тоқсейіт Артықбайұлы Елекеев, этнограф, қолөнер шебері, Қазақстан Республикасы дизайнерлер және суретшілер одағының мүшесі Кендебай Әбжаппарұлы Қарабдалов, археолог Айсұлу Асқарқызы Ержігітова және «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының аға ғылыми қызметкері, археолог Серік Шаймерденұлы Ақылбек құттықтау сөз сөйлеп, семинар жұмысының маңыздылығына тоқталды.