Отырар ауданында жазғы аптап ыстық кезеңінде тұрғындардың, әсіресе балалардың жайлы әрі қауіпсіз демалуына қолайлы жағдай жасау мақсатында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының тапсырмасымен орталық алаңда арнайы салқындату шаралары ұйымдастырылды.
Шара барысында балалар ойын алаңдарына су шашылып, ауа температурасының әсерін азайтуға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Бұл балалардың таза ауада алаңсыз ойнап, уақыттарын көңілді өткізуіне мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, демеушілердің қолдауымен алаңға келген 370 балаға балмұздақ үлестіріліп, оларға мерекелік көңіл күй сыйлады. Балалардың қуанышты жүздері мен ата-аналардың ризашылығы бұл игі бастаманың маңызын айқындай түсті.
Аталған шара тұрғындардың жазғы демалысын жайлы өткізуге жағдай жасап қана қоймай, өскелең ұрпаққа деген қамқорлықтың нақты көрінісіне айналды. Осындай әлеуметтік маңызы бар игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, аудан тұрғындарының игілігіне қызмет ететін болады.