Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Ветеринария қызметкерлері күніне орай арнайы жиын өтіп, іс шарада сала ардагерлері мен мамандарына құрмет көрсетілді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев пен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов қатысты.
Басқосуда сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен мал шаруашылығын дамытудағы маңызды еңбектеріне ерекше ризашылық білдірді. Зейнеткерлікке шықса да, әлі күнге дейін мамандығына адал, елге сыйлы ардагер ағаларымыздың да еңбегі зор екені атап өтілді.
Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Артықбайұлы ветеринария қызметінің өткен тарихы мен бүгінгі таңда ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстары жөнінде баяндап өтті.
Мерекелік шарада аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов сөз алып, сала мамандарының қажырлы еңбегін жоғары бағалады. Ол өз сөзінде ветеринария саласы тек ауыл шаруашылығының ғана емес, жалпы халық денсаулығы мен өңірдегі тұрақтылықтың басты кепілі екенін тілге тиек етіп, депутаттар корпусы атынан қызметкерлерге алғысын білдірді.
Сондай-ақ, ветеринария саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен сала ардагерлері әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, осы шараны ұйымдастырушыларға көрсеткен сый-құрметі мен еңбектерін елеусіз қалдырмай, жоғары бағалағанына ілтипаттарын жеткізді.
Мерекелік жиында ветеринария саласының дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен өз ісінің үздік мамандары марапатталып, оларға құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары мен сыйлықтар табысталды.