Отырар ауданында “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында қазақтың даңқты перзенті, әлемге қазақ халқының қайсар рухын танытқан әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл толуына орай аудандық әуесқойлар арасында футболдан турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов қатысып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Жиында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов Қажымұқан Мұңайтпасұлының қазақ халқының мерейін асқақтатып, әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғаған тарихи тұлға екенін атап өтіп, оның өнегелі өмір жолы бүгінгі жастар үшін қайсарлықтың, табандылықтың және отансүйгіштіктің жарқын үлгісі екенін айтты. Сонымен қатар, мұндай спорттық іс-шаралардың ұлы тұлғаның мұрасын ұлықтап, жастарды салауатты өмір салтына баулуға және бұқаралық спортты дамытуға зор ықпал ететінін жеткізді.
Өз кезегінде аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімі қазақ халқының рухымен, ерлігімен және жеңісті жолымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Ол жастарды ұлы балуанның өмірінен үлгі алып, елге адал қызмет етуге, спортпен тұрақты айналысуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Сондай-ақ қатысушыларға тартысты ойын көрсетіп, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдірді.
Аудан орталығындағы Жамбыл мектеп-лицейінің спорт алаңында ұйымдастырылған турнирге ауданның ауылдық округтерінен жасақталған 12 команда қатысуда. Екі күнге жоспарланған жарыста командалар өзара бақ сынап, үздіктер анықталады.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаз және жүлдегер командалар, сондай-ақ үздік ойыншылар дипломдармен, медальдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталатын болады.
Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына арналған мұндай тағылымды іс-шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге және бұқаралық спортты дамытуға өз үлесін қоса береді.