КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛ БІРЛІГІНІҢ КЕПІЛІ

КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛ БІРЛІГІНІҢ КЕПІЛІ
Отырар ауданында жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ресми түрде күшіне енуіне орай «Конституция – ел бірлігінің кепілі» атты салтанатты жиын өтті. Мәдениет сарайында ұйымдастырылған тарихи шараға мемлекеттік мекеме қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам белсенділері мен аудан тұрғындары қатысты.
Жиынға келген көпшілік алдымен тақырып аясындағы аудандық орталық кітапхананың кітап көрмесімен танысты. Мұнан соң сахнаның шымылдығы «Жеті жарғы» атты тарихтан сыр шертетін тақырыптық театрландырылған көрініспен түрілді. Қойылымда қазақтың би-сұлтандарының ел бірлігі мен татулығын нығайтудағы әділ шешімдері мен тұлғалық келбеттері ерекше сомдалды.
Салтанатты жиын еліміздің жаңа басты заңы – Конституция кітабын сахнаға ресми түрде енгізумен және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен ашылды.
Отырар ауданы прокурорының оынбасары Байтеміров Дастан Тұрысбекұлы тақырыптық баяндама жасап, жаңа Конституцияның ел дамуындағы және мемлекеттік басқару жүйесіндегі тарихи маңызына тоқталды:
«1 - шілдеден бастап ресми түрде күшіне енген жаңа Ата Заң – мемлекетіміздің саяси және әлеуметтік құрылымындағы жаңа дәуірдің басталуын білдіреді. Бұл заң әрбір азаматқа тең мүмкіндік пен әділдікке жол ашып, әділдік пен заң үстемдігі орнаған Жаңа Қазақстанның берік іргетасы болмақ», - деді Д.Тұрысбекұлы.
Іс шарада аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов аудан жұртшылығын тарихи сәтпен құттықтады. Жаңа Конституцияның азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қоғамдық бақылау тетіктерін дамытуға үлкен жол ашқанын атап өтті.
Шараның соңы аудан өнерпаздары дайындаған рухты да мағыналы концерттік бағдарламаға ұласты. Жиналған қауымды отаншылдыққа үндейтін О.Рахматуллаевтың орындауындағы «Қазағым» әні көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, А.Шералы мен С.Мәткәрімнің орындаған «Мен қазақтың баласы» әні көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Мерекелік кеште өнерпаздар тобы бірлесе шырқаған, елдік пен бірлікті ұлықтайтын «Жаңа Қазақстан» атты финалдық рухты әні тұрғындарға ерекше жігер берді.
«Конституция – ел бірлігінің кепілі» атты бұл шара отырарлықтардың жаңа ата заңға деген сенімін арттырып, елдік пен ынтымақты нығайта түскен тағылымы мол тарихи кеш ретінде есте қалды.