«ОТЫРАР АЛҚАБЫ» ГАЗЕТІНЕ – 91 ЖЫЛ!

«ОТЫРАР АЛҚАБЫ» ГАЗЕТІНЕ – 91 ЖЫЛ!
Тарихы терең, тағылымы мол «Отырар алқабы» газетінің жарық көргеніне биыл 90 жылдан асты. Ауданмен қатар құрылған басылым тоғыз онжылдық бойы елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ауданның тыныс-тіршілігін, жетістігі мен жаңалығын халыққа жеткізіп келе жатқан рухани ордаға айналды.
Ғасырға жуық ғұмырында газет ұжымы талай тарихи кезеңдердің куәсі болып, елдің бірлігі мен берекесін, еңбек адамдарының жетістіктерін, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын кеңінен насихаттап келеді. Сөз құдіретін серік еткен журналистер қауымы ақпарат айдынында адал қызмет етіп, оқырман сенімінен шығып келеді.
БАҚ қызметкерлері күні мерекесіне орай аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы «Отырар алқабы» газетінің ұжымын арнайы қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады. Кездесу барысында аудан басшысы басылымның аудан өміріндегі маңызын ерекше атап өтіп, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған газет қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
Іс шарада ұзақ жылдар бойы ақпарат саласында жемісті еңбек еткен қызметкерлерге аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар, сала ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, иықтарына зерлі шапан жабылды. Бұл – журналистика саласына көрсетілген ерекше құрмет пен бағалы ілтипаттың белгісі болды.
Аудан әкімі өз сөзінде: «Отырар алқабы» газеті – ауданның айнасы, елдің шежіресі. Газет ұжымының еңбегі қашанда жоғары бағаланады. Алдағы уақытта да ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, ауданның жетістіктерін кеңінен насихаттай береді деп сенемін», – деп ризашылығын білдірді.
Бүгінде заман ағымына сай жаңарып, жаңа бағытта дамып келе жатқан басылым ұжымы оқырманмен байланысын нығайтып, ақпарат кеңістігінде белсенді қызмет атқаруда.