23 маусым – Қазақстан Республикасы Полициясы күніне және Қазақстан полициясының құрылғанына 34 жыл толуына орай Отырар аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен мекеме қызметкерлері арасында кіші футболдан аудандық турнир өтті.
Спорттық іс-шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыру мен спортты дамыту, сондай-ақ түрлі мекемелер арасындағы өзара ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты нығайту болды.
Турнирге аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық орталық аурухана, «Отырар спорт клубы», аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, ішкі саясат бөлімі, білім бөлімі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкерлерінен құралған командалар қатысты.
Жарыс барысында командалар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, тартысты әрі қызықты ойын өрнегін паш етті. Қатысушылар ұйымшылдық пен командалық рухтың жарқын үлгісін танытып, көрермендерге әсерлі ойын сыйлады.
Турнир қорытындысы бойынша:

І орын – аудандық білім бөлімі;

ІІ орын – аудандық полиция бөлімі;

ІІІ орын – аудандық төтенше жағдайлар бөлімі иеленді.
Марапаттау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, жеңімпаз және жүлдегер командаларды құттықтады. Өз сөзінде ол мұндай спорттық іс-шаралардың қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, ұйымшылдық пен өзара ынтымақтастықты нығайтуға қосатын үлесі зор екенін атап өтті. Сондай-ақ полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жарысқа қатысқан барлық командаларға алғысын білдірді.
Жеңімпаз және жүлдегер командаларға арнайы кубоктар, алғыс хаттар, сертификаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Полиция күніне арналған бұл турнир достық пен спорттың мерекесіне айналып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Спорттық бәсеке өзара сыйластық пен әріптестік қарым-қатынасты нығайтып, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.