Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, ауыл округтерінің әкімдері, дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты.
Аппараттық жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асырылуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Күн тәртібіне сәйкес аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов өңірлік жұмыспен қамту жол картасының орындалу барысы туралы баяндама жасап, жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау, азаматтардың әлеуметтік мәртебесін нақтылау, «Д» санатындағы азаматтарды «С» санатына өткізу жұмыстары және басқа да өзекті мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді баяндады.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркебұлан Жаймырзаев қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, мемлекеттік саясатты түсіндіру, қоғамдық ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлады. Сондай-ақ аудан көлемінде өткізілген қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік және ақпараттық-насихаттық іс-шаралардың нәтижелері баяндалды.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Құнанбайұлы тұрғын үй кезегін оңтайландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, тұрғындардың тұрғын үй мәселелерін шешу бағытында қолға алынған шаралар туралы баяндады. Сонымен қатар ауыз сумен қамтамасыз ету саласындағы өзекті мәселелер мен тұтынушылардың ауыз су қызметтері бойынша қалыптасқан берешек қарыздарын өндіру жұмыстарының барысы талқыланды.
Мәжіліс барысында көтерілген барлық мәселелер жан-жақты сараланып, жауапты сала басшыларының есептері тыңдалды. Әрбір бағыт бойынша орын алған кемшіліктер мен өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешудің нақты жолдары қарастырылды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы күн тәртібінде қаралған мәселелердің маңыздылығына тоқталып, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ берілген тапсырмалардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз етіп, көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.