АУДАН ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУІН ОТЫРАР АУЫЛ ОКРУГІНЕН БАСТАДЫ

АУДАН ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУІН ОТЫРАР АУЫЛ ОКРУГІНЕН БАСТАДЫ
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлның халықпен кездесуі Отырар ауыл округінен басталды. Кездесуде ағымдағы жылдың тиісті кезеңінде аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Аудан басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, жол жөндеу, абаттандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар, Отырар ауыл округінде 2025 жылы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Атап айтқанда, Арыс елді мекеніндегі Ағыбаев, Жеңіс, Сержанов және Ә.Есжанов көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төсеу мен аяқ жол салу жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ, А.Құрманбас және Қарасай батыр көшелеріне тас төселді.
Ауыл көшелерін жарықтандыру бағытында Арыс ауылындағы Ә.Сержанов, Т.Танкеев көшелері мен М.Шойманов ауылындағы А.Момбеков, О.Намайұлы көшелеріне жарық шамдары орнатылды. Бұдан бөлек, Шойманов елді мекенінде балалар ойын алаңшасы салынып, пайдалануға берілді.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту мақсатында Арыс ауылындағы Н.Терекұлов көшесін электрмен қамту құрылысы жүргізіліп, бірқатар көшелерге электр желілерін тартуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленді.
Кездесу барысында аудан әкімі «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл округінде «Рахат-1988» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, 52 отбасыны төмен пайызды несиемен қамту жоспарланып отырғанын атап өтті.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан жол, көше жарығы, ағын су, электр жүйелері және әлеуметтік мәселелерге қатысты ұсыныстар мен сауалдар қойылып, аудан басшысы олардың кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
Кездесу соңында Қайрат Жолдыбайұлы тұрғындарды ауылдың тазалығы мен көркеюіне ортақ жауапкершілікпен қарауға шақырып, елді мекендердің дамуы бірлік пен ауызбіршіліктің нәтижесі екенін атап өтті.