Отырар ауданының аудандық мәдениет үйінде «Салауатты сана» жобасы аясында Түркістан облыстық Аналар кеңесінің кезекті көшпелі отырысы өтті. Маңызды жиынды Отырар аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ш. Бейсенбиев ашып, жүргізіп отырды.
Жиын барысында алғашқы болып сөз алған аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Байжұман Қалдан Спабекқызы «Салауатты сана» және «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобаларының аудан көлемінде атқарылу барысы туралы баяндама жасады.
Мұнан соң «Салауатты сана» жобасының негізгі бағыттарының бірі – отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі бойынша аудандық полиция бөлімінің полиция инспекторы Зубайра Абылайқызы Надирова кеңінен тоқталып өтті.
Сондай-ақ КПБ-нің жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Нұрлан Төлегенов нашақорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімдеді.
Көшпелі отырыс барысында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Төлебекқызы Тоққұлова облыс көлемінде атқарылған ауқымды істерді саралап, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беру туралы өз пікірін білдірді. Ал облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Жармаханұлы Бейсембаев Халықтық Конституцияның маңыздылығы мен оны насихаттау бағыттары бойынша жан-жақты баяндап өтті.
Сонымен қатар жиында аудандық Әжелер кеңесінің төрайымы Мейрамкүл Тұрлыбекова сөз алып, отбасы құндылықтары, ұл мен қыз тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді қозғады.
Кездесуді қорытындылай келе, «ДАДЕМ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б. Сапарбаев қоғамдық дертке айналған лудомания және бандитизм мәселелері туралы өз ойын ортаға салды.
Жиын соңында қатысушылар тарапынан көтерілген тақырыптарға байланысты сұрақтар қойылып, оларға тұшымды жауаптар берілді.