МЕКТЕПТЕГІ ЖАСӨСПІРІМДЕР ТӘРБИЕСІ МӘСЕЛЕЛЕРІ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ

МЕКТЕПТЕГІ ЖАСӨСПІРІМДЕР ТӘРБИЕСІ МӘСЕЛЕЛЕРІ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ
Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмахановтың төрағалығымен өткен Отырар ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы Т.Ибрагимов атындағы жалпы білім беретін мектебі мен Ө.Жәнібеков атындағы №4 лицей-интернатында өтті.
Жиынға комиссия мүшелері, білім беру саласының өкілдері және тиісті мекеме басшылары қатысып, мектептегі тәрбие жұмыстарының ұйымдастырылуы мен жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Жиында мектеп директоры Т.Едигеева мен лицей-интернат директоры Е.Серікбаев баяндама жасап, оқу орнында жүргізіліп жатқан тәрбие жұмыстарының негізгі бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу бойынша түсіндіру, профилактикалық шаралар, ата-аналармен бірлескен жұмыстар, сондай-ақ тәуекел тобындағы оқушыларды анықтау және олармен жеке жұмыс жүргізу барысы баяндалды.
Сонымен қатар, “Біртұтас тәрбие” бағдарламасының жүзеге асырылуы аясында оқушылардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, құқықтық сауаттылығын арттыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында атқарылған іс-шаралар кеңінен қамтылды.
Жиын барысында комиссия мүшелері тарапынан мектептегі оқу-тәрбие процесін жетілдіру, құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту, педагог-психологтардың қызметін жандандыру және ата-аналармен байланысты нығайту жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылды.
Отырыс қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеліп, аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.