ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚТЫ ТАҢДАУ – ӨЗ ҚОЛЫҢДА

ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚТЫ ТАҢДАУ – ӨЗ ҚОЛЫҢДА

Бүгін Отырар ауданында орналасқан Дәуренбек Құрманбек атындағы кәсіптік колледжінде «Есірткісіз болашақ үшін» тақырыбымен жиын өтті. Есірткіге қарсы профилактикалық бағыттағы маңызды кездесуге  Отырар ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Қайрат Тұрғынбаев, Отырар ауданының басимамы Бақыт Әбусейтов, аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі Нұрлан Төлегенов және есірткі қылмысы үшін жазасын пробациялық есепте өтеуші азамат арнайы қатысты.

Жиынның маңызы тоқталған Қайрат Тұрғынбаев студенттерге өзекті мәселелер жөнінде кеңінен ақпарат берді. Олар есірткінің адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және қоғамға тигізер зияны туралы айтып, құқықтық жауапкершілік мәселелеріне де тоқталды.

Ауданның бас имамы Бақыт Әбусейтов жастарды саналы өмір таңдауға шақырып, әр адамның болашағы өз қолында екенін атап өтті. Ал, аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Нұрлан Төлегенов есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың салдары ауыр болатынын түсіндіріп, нақты мысалдар келтірді.

Кездесу барысында есірткі қылмысы үшін сотты болып, бүгінде жазасының қалған мерзімін пробация есебінде өтеп жүрген азамат өз оқиғасымен бөлісті. Ол өміріндегі ауыр кезеңдер мен қателіктердің салдарын жасырмай айтып, студенттерге ой салды.

Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан тұщымды жауаптар алды. Ашық диалог форматында өткен жиын жастардың ойына ой салып, маңызды ақпарат алмасу алаңына айналды.

Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың дұрыс бағыт таңдауына ықпал етіп, қоғамда есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға септігін тигізеді.