Отырар аудандық мәдениет сарайында Түркістан қалалық мәдениет үйі МККК жанындағы Түркістан халық театрының «Қырсық келін» атты қойылымы көрермен назарына ұсынылды.
Бір актілі, үш көріністен тұратын бұл пьесаның авторы – Елтай Бимаханбетұлы. Қойылымда қазақы отбасы өміріндегі ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, тұрмыстық жағдайлар мен мінез ерекшеліктері шынайы әрі әсерлі түрде бейнеленген. Қойылым барысында астарлы ой мен кәсіби шеберлік ұштасып, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.
Сахнадағы актерлердің кәсіби шеберлігі, образдарды нанымды сомдауы, режиссерлік шешімдердің үйлесімділігі көрермен тарапынан жоғары бағаланды. Әр кейіпкердің мінезі мен ішкі жан дүниесі терең ашылып, қойылым мазмұнының маңызын арттыра түсті.
Шара барысында Отырар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сағынтай Құттыбай сөз сөйлеп, театр ұжымына шығармашылық табыс пен сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының атынан құттықтау хат пен ықылас гүлі табысталды.
Аталған қойылым ұлттық құндылықтарды дәріптеп, отбасы тәрбиесі, өзара сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды маңызды ұғымдарды кеңінен насихаттайды. Бұл – театр ұжымының тек өнер көрсетіп қана қоймай, қоғамға ой салатын мазмұнды дүниелер ұсынуға ұмтылатынын көрсетеді.
Өнерсүйер қауым үшін ұйымдастырылған бұл мәдени шара көрермендерге рухани серпіліс сыйлап, ауданның мәдени өміріне тың леп әкелді. Қойылым соңында көрермендер актерлерге зор қошемет көрсетіп, ыстық ықыластарын білдірді.
Айта кету керек, алдағы 9 сәуір күні Отырар аудандық мәдениет сарайы жанындағы “Отырар халық театры” ұжымы Түркістан қаласында өнер көрсетіп, «Ешкімге керегі жоқ ауыл» қойылымын сахналайтын болады.