«ҰРАНДЫ ЕЛДІҢ – ҰРПАҒЫ ҚАЙСАР» АТТЫ ПАТРИОТТЫҚ ІС-ШАРА ӨТТІ

«ҰРАНДЫ ЕЛДІҢ – ҰРПАҒЫ ҚАЙСАР» АТТЫ ПАТРИОТТЫҚ ІС-ШАРА ӨТТІ
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының бастамасымен Отырар ауданындағы Д. Құрманбеков атындағы №20 кәсіптік колледж ғимаратында «Ұранды елдің – ұрпағы қайсар» атты патриоттық іс-шара ұйымдастырылды.
Маңызды жиынға Отырар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, ауған соғысының ардагерлері, «Мұрагер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен белсенді жастар қатысты.
Алқалы жиынның негізгі мақсаты — өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, мемлекетшілдік сананы нығайту, сондай-ақ ел бірлігі мен тәуелсіздіктің қадірін түсіндіре отырып, жастарды Отанға адал қызмет етуге баулу болды.
Жиынның ашылуында «Baglan Group» қоғамдық қорының төрағасы Ә. Құрбанов сөз алып, кездесудің мән-маңызына кеңінен тоқталды. Одан әрі «ДАДЕМ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы және аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Бақытжан Сапарбай жастардың отан қорғауға баруы, отбасындағы ұл-қыз тәрбиесі және әкенің алар орны туралы өнегелі ойларын ортаға салды.
Шара барысында ауған соғысының ардагері Сейітқали Жүнісов 1979-1989 жылдары Ауған жерінде өткен қасіретті оқиғалардан естеліктер айтып, өскелең ұрпақты ержүректілікке және әскер қатарында қызмет етуге шақырды.
Сонымен қатар «Мұрагер» республикалық қоғамдық бірлестігінің Отырар ауданындағы төрағасы Б. Сүлейменов пен «Өмір ырғағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ж. Әлшериева ел бірлігін сақтау мен жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу төңірегінде мазмұнды баяндама жасады.
Жиын соңында Отырар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің өкілі А. Сатыбалды Отан алдындағы борышты өтеу — әрбір азаматтың қасиетті міндеті екенін атап өтті. Ол өз сөзінде қазіргі таңда әскер сапында болған жастар үшін ЖОО-на гранттар мен жұмысқа орналасу барысында қарастырылған түрлі жеңілдіктер туралы маңызды ақпараттармен бөлісті.