Бүгін аудандық мәдениет сарайында “Шабыт шыңы” өнер фестивалі өтті. Аталған шараны аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығы ұйымдастырып, өңірдегі түрлі мектептер мен шығармашылық ұжымдардан келген жас таланттар өз өнерлерін ортаға салды. Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы мен аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев жас өнерпаздарға ізгі тілектерін жеткізді.
Фестивальге облыстан арнайы келген: облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының педагог-ұйымдастырушысы Бексұлтан Керімбеков, Түркістан облыстық балалар мен жасөспірімдер орталығының бөлім меңгерушісі Ербол Сәметов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің аға оқытушысы, білім беру ісінің үздігі Салтанат Ағабекова сынды білікті мамандар әділ бағаларын беріп, қатысушыларға кәсіби бағыт-бағдар көрсетті.
Фестивальдің негізгі мақсаты — ауданымыздағы дарынды балалар мен жасөспірімдердің өнерін дәріптеу, олардың сахналық мәдениетін дамыту, сондай-ақ ұлттық құндылықтар мен патриоттық рухты насихаттау болды. Көрермендер назары кеш бойы әр туындыға қызыға қарап, өнерге деген ыстық ықыласты білдірді.
Шараның ашылу сәтінен бастап-ақ сахнада көрініс тапқан әр номер көрермендердің көзінен қуаныш пен қызығушылықты оятты. Әрбір өнерпаздың сахнаға тыңғылықты дайындықпен, үлкен жауапкершілікпен шыққаны байқалды: би, күй, ән, мюзикл, көркемсөз оқу және қойылым секілді түрлі жанрлар кешке ерекше сән берді.
Фестиваль қорытындысы бойынша қатысушыларға алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Әділқазы алқасы өнерпаздардың деңгейіне тоқталып, алдағы уақытта да осындай мәдени іс-шараларды дәстүрге айналдыру қажеттігін атап өтті.
— Бұл фестиваль балалар мен жасөспірімдердің бойындағы талантты ашуға үлкен мүмкіндік береді. Біз олардың шығармашылығын қолдап, рухани өсуіне жағдай жасауға әрдайым дайынбыз, — деді Ербол Сәметов өз сөзінде.
Салтанат Ағабекова да өз ықыласын білдіріп, ерекшелігімен көзге түскен өнерпаздарға қолдау көрсетті: М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті басшылығының шешімімен Досбол Ханшайымға университетте 100 пайыз тегін оқу гранты ұсынылды. Сонымен қатар, Оразбай Абай атты ерекше дауыс иесіне де болашақта сол оқу орнын таңдауға тілектестік білдірді.
Байқау қорытындысы:
- Бас жүлде — М.Әуезов ЖББМ
- І орындар — М.Шаханов, Т.Ибрагимов мектептері
- ІІ орынға — Жамбыл мектеп-лицейі мен 1-ші жайлы мектеп
- ІІІ орынға — Р.Бердібай, Көкмардан мектебі және Ш.Қалдаяқов мектеп-гимназиясы лайықты деп табылды.
Осылайша аудандық өнер фестивалі қатысушылар мен көрермендерге ұмытылмас сезім сыйлап, көпшілікті әсем өнер әлеміне жетеледі. Ел болашағы — өнерлі өрендердің осындай сахналарда шыңдалуы мен талантының қайталанбас үлгілері ауданымыз үшін үлкен мақтаныш болмақ.