
Мәдени мұра объектілерінің жай-күйін сақтау жұмыстары тұрақты бақылауда. 2024 жылы 5 тарихи-мәдени ескерткіштің (Ақмешіт үңгірі, Отырар қалашығы, Оқсыз қалашығы, Сауран қалашығы, Ұзын ата кесенесі), ал 2025 жылы 27 объектінің қорғау аймағы бекітілді. Сонымен қатар «Ежелгі Түркістан қалашығының тарихи аумағында қалыптасқан ескерткіштер» атауымен 14 объектіні қамтитын жалпы аумағы 88,7 гектарды құрайтын буферлі аймақ белгіленді. Аталған аумаққа Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Есім хан кесенесі, Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі, Қылует жер асты мешіті, Шығыс моншасы, Жұма мешіті, Шілдехана, Тәуке хан кесенесі, Цитадель қамал қабырғасы мен қақпасы, казарма, Ежелгі Түркістан қалашығы, Күлтөбе қалашығы еніп отыр. Бұл шаралар ескерткіштердің нақты шекарасын айқындап, олардың жойылып кетуінің және заңсыз құрылыс жүргізілуінің алдын алуға мүмкіндік береді.