АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ ЕСЕП БЕРДІ

АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ ЕСЕП БЕРДІ

Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ермек Өсербаевтың халық алдындағы есеп беру жиыны өтті. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн-режимде бейне-селекторлық байланыс арқылы өткен жиынға аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өксікбаев Мырзабай, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Асан Аралбай, ауыл әкімдері, аудан тұрғындары, Отырар АПБ бастығының орынбасарлары, салалық бөлімше басшылары және жеке құрам қызметкерлері қатысты.

Жиынның күн тәртібінде «Түркістан облысы, Отырар аудандық полиция бөлімінің 2020 жылдың 9 айы бойынша жедел-қызметтік жұмысының қорытындылары және келешектегі басым міндеттер туралы» және «Аудан көлемінде кең орын алып жатқан мал ұрлығы бойынша қоғамдық ой-пікірді білу, сонымен бірге тұрғылықты халықтың полицияға деген сенімін нығайту» туралы мәселелер сөз болды.

Сөз кезегі барысында алдымен мінберге шыққан АПБ-нің бастығы полиция подполковнигі Е.Усербаев аудандық полиция бөлімінің 2020 жылдың 9 айында аудан көлемінде атқарылған жедел-қызметтік жұмыстарының қорытындысы бойынша баяндама жасады.

Баяндамашы сөз еткендей биыл Отырар аудандық полиция бөлімінің полицейлері ауданымызда тәртіптің сақталуын, қауіпсіздікпен қылмыстың алдын-алуда тәуліктеп қызмет атқаруда. 9 ай көлемінде жедел ахуалды сақтап қана қоймай қылмыстардың санын 148-ден 127-ге, яғни 14,2 пайызға дейін төмендетуге бағытталған кешенді іс-шараларды жүзеге асырған. Осы тұрғыдан алып қарасақ, көптеген қылмыстардың төмендегені байқалады. Мәселен, денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактісі 100 пайызға төмендеген, яғни биылғы жылы 0 факт болса, былтыр 1 факт болған. Ал, бөтеннің мүлкін ұрлау фактісі 27,8 пайызға төмендеген, яғни биылғы жылы 57 факт орын алса, өткен жылы 79 факт орын алып, оның 23 ашылып 43,8 пайыз құраған. Ауданымызда пәтер ұрлықтары да азайған, олардың саны 68,2 пайызға төмендеген. Тағы да айта кететін жайт полицейлердің профилактикалық жұмыстары нәтижесінде, биыл ауданымызда адам өлтіру, зорлау, отбасы тұрмыстағы, жасөспірімдермен жасалған қылмыстар орын алмаған.

«Алайда, осыншама жұмыстар атқарылғанына қарамастан мал ұрлығы былтырғы жылмен салыстырғанда 38 фактісі орын алып, көңіл қынжылтады. Былтыр 24 фактісі орын алған, оның 37 фактісі жайылымнан, 1 фактісі қорадан кеткен. Жалпы ұрланған мал саны 74, жылқы-7 бас, сиыр-42 бас, қой -2 бас, түйе- 12 бас, бұл дегеніміз статистика көрсетіп отырғандай халық малдарының көбін бейберекет жіберіп қараусыз, бақташы тастап малының жоқ екенін кейіннен біліп жатады. Бұл жағдай малдың өрісін ауыстырып не болмаса ит құсқа жем болу, батпақтау басқа да жайттарға алып барып, малдың дер кезінде табылуына кедергі келтіреді»-дейді полиция бастығы.

Сондай-ақ, қазіргі таңда бас санитардың қаулысына сай күнделікті мобильдік топпен бірге полиция қызметкерлері карантин талаптарын сақтау мақсатында халықпен жұмыстар атқаруда және де қазіргі кезде халық арасында интернет алаяқтарына алдану жайты көптеп орын алуда. Сондықтан, халық арасында полиция қызметкерлері прокуратура қызметкерлерімен бірлескен іс-шаралар ұйымдастырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, банерлер ілініп, брошуралар тарқатылды. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органның қолдауымен аудан орталығына қосымша министрліктің базасына тікелей жүктелетін жаңа 8 бейне камера қойылып, жұмыстар атқарылуда.

Жиын барысында тұрғындар бейне режим арқылы өз сауалдарын жолдап, тиісті мамандар тарапынан тұщымды жауаптар алды. Жиынға қатысушылар қызу талқыға салған күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қанағаттанарлық жауаптар алған көпшілік полиция жұмысына ризашылығын білдірді.

Есепті кездесу жиынын қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов алдағы уақытта аудан аумағында құқықбұзушылық пен қылмысқа қарсы күрес барысында жедел-қызмет жұмыстарының күшейтілетініне сенім білдірді.